Бүгін Байқоңыр қаласында Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды
БАЙҚОҢЫР. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушы-композитор Абай Құнанбаевтың туғанына 167 жыл толуы аталып өтуде.
Байқоңыр қаласында Абайдың ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Жергілікті ақындар ұлы ойшылдың құрметіне өздерінің жырларын арнады.
Қазақ халқының данышпан ұлы 1845 жылғы 10 тамызда (ескі стильмен - 29 шілдеде) қазіргі Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы Абай ауданында Қасқабұлақ жайлауында дүниеге келген.
Ол қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы және тұңғыш классигі, қазақ мәдениетін әлемдік өркениетпен ұштастыруда реформатор болған ұлы тұлға.
Оның шын аты - Ибраһим, бала күнінде әжесі Зере Абай деп атап кеткен. Абайдың әулеті: арғы аталары Ырғызбай, Өскенбайлар, өз әкесі Құнанбай қажы ел билеген шынжыр балақ шұбар төс дегендей, ауқатты адамдар болған.
Ол өз үйінде молдадан тіл сындырып, Семейдегі Ахмет-Риза медресесінде оқуын жалғастырып, сонымен қатар орыс мектебінен үш ай дәріс алған. Есейе келе өзінің өмірден түйгендерінен өлең жаза бастады. Оның өзге балаларынан гөрі зеректігін байқаған әкесі Құнанбай 13 жасында Абайды ел ісіне араласуға баулиды. 28 жасында Абай ел ісінен аулақтап, өзінің білімін жетілдірумен айналысады, 40 жасқа келгенде өзінің алғашқы кемел шығармаларын жаза бастайды.
Қазақ ауыз әдебиетінің мол қайнарынан, Шығыстың классикалық әдебиеті мен орыстың демократияшыл әдебиетінен - үш бұлақтан сусындаған оның философиялық көзқарастарының қалыптасуына саяси жер аударылған Е.П.Михаэлис, Н.Долгополов, С.Гросс сияқты адамдармен кездесуі елеулі рөл атқарды. Оның кемелдене түсуіне Шығыстың гуманистік идеядағы ақындары мен ғалымдары (Фирдоуси, Әлішер Науаи, Низами, Физули, Ибн Сина және басқалары), орыс классиктерінің шығармалары, сол арқылы еуропа әдебиеті ықпал етті. Ол Крыловтың, Лермонтовтың, Пушкиннің. Гетенің және Байронның өлеңдерін аударды. Абай қазақ арасында орыс және еуропа мәдениетінің жаршысы болды.
Абай Құнанбаев ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлттық зиялы қауымының қалыптасуына зор ықпал етті. Алашорда қозғалысының басшылары Абайды өздерінің және қазақ ұлтының рухани көсемі деп санады.
Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін сала отырып, дәстүрлі қазақ өлеңін жанрлық жағынан байытып, кең өріске шығарды. Оның 170-ке жуық өлеңдері және елуден астам аудармалары, поэмалары, атақты «Қара сөздері» қазақ мәдениетінің алтын қорына қосылды. Сонымен қатар Абай өзінің көптеген өлеңдеріне саз жазған композитор.
Абай Құнанбаев бүгінде тәуелсіздік алған елімізбен, халқымызбен бірге мәңгі жасап келеді. Ұлы ойшылдың шығармалары көптеген тілдерге аударылып, оның есімі еліміздің барлық жерлерінде елді мекендерге, көшелерге, театрларға берілді, ескерткіштері орнатылды. Абай атында шың, асу, мұздық бар, Аба қоры жұмыс істейді. Фильмдер, спектакльдер, көркем шығармалар, зерттеулер жазылған. Қазақтың классик жазушысы М.Әуезовтің әлемге белгілі шығармасы - «Абай жолы» ұлы ақынға арналған. Ақын тұлғасы өзге де көркемөнер туындыларына өзек болды.