Бүгін бірқатар облыста өзендердің арналарынан тасуы мен су басу жағдайлары жалғасады
АСТАНА. 15 сәуір. ҚазАқпарат - Алдағы тәулікте Қазақстанның бірқатар облысында өзендердің арналарынан тасуы мен су басу жағдайлары жалғасады.
«Қазгидрометтің» таратқан хабарламасына сәйкес, бүгін Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының өзендерінде көктемгі тасқындардың толқындары мен су деңгейінің күрт көтерілуі жалғасады. Жайық, Шаған, Деркүл, Үлкен және Кіші Өзен, Есіл және Қалқұтан өзендері арналарынан тасып, су басу жағдайлары болады.
Шығыс Қазақстан облысының өзендерінде сондай-ақ су көлемі күрт көтеріліп, қауіпті деңгейге жетеді. Босаған мұз қатпарларының кептелістері болған жағдайда өзен жағасынан асып, су басу қауіпі туындауы мүмкін.
Ал Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының аласа таулы аумақтарындағы сулы нысандарда еріген қар мен жаңбыр суының тасқындары күтілуде.