Бүгін - Дүниежүзілік электр байланысы және ақпараттық қоғам күні

Дүниежүзілік электр байланысы және ақпараттық қоғам мақсаты - қоғамдар мен елдердің интернет пен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) пайдалануы, сондай-ақ «сандық алшақтықтан» арылудың жолдары туралы мүмкіндіктері жайындағы хабардарлық деңгейін көтеруге жағдай жасауында.
Дүниежүзілік электр байланысы және ақпараттық қоғам күні бұрын аталып өтіп келген Халықаралық телекоммуникациялар күнін және «Дүниежүзілік ақпараттық қоғам күнін» алмастырды. 2006 жылғы қарашада Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭО) Анталиядағы (Түркия) Уәкілетті конференциясында аталмыш екі шараны да 17 мамыр күні - Дүниежүзілік электр байланысы және ақпараттық қоғам күні ретінде атап өту шешімі қабылданды.
Бұл күн - барлық бағдарламашылардың, жүйелік әкімшілердің, интернет-провайдерлердің, веб-дизайнерлердің, интернет-басылымдар редакторларының басқа да ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істейтін адамдардың кәсіби мейрамы.
Информатика өркениеттің бейнесін түбірімен өзгертті. Ол әлемдік экономикада, өндірілетін өнімнің саны мен сапасын күрт көтерді. Дегенмен, информатиканың маңызы әлдеқайда кеңірек. Бұл адамзатқа бұрын болып көрмеген мүмкіндіктер жасап отыр: білім - басты байлыққа айналды, өз бетінше білім алудың керемет мүмкіндіктері ашылды.
Сондай-ақ бүгін - Халықаралық электр байланысы күні (Халықаралық телекоммуникация күні). 1865 жылы негізі қаланған Халықаралық электр байланысы одағының әкімшілік кеңесі сессиясының шешімімен 1969 жылдан бастап атап өтіледі.