Бүгін елорда жұртшылығы ақын Фариза Оңғарсынованы ақтық сапарға шығарып салады

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - Еділ мен Жайық өзендері аралығында жатқан Нарын құмындағы шағын ғана ауылда дүниеге келіп, Махамбеттің жырларына тән отты өрнектерге толы өлеңдерімен дүйім қазақ жұртшылығының сүйікті қызына, азулы ақын қызына айналған апамыз Фариза Оңғарсынқызының денесі бүгін жер қойнауына беріледі. Ұлттық руханиятымызға өлшеусіз үлес қосып, артына өшпес мұра қалдырған Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, ақиық ақынмен қоштасу рәсімі Астананың сол жағалауындағы «Көрме» орталығында өтеді.

Бүгін елорда жұртшылығы ақын Фариза Оңғарсынованы ақтық сапарға шығарып салады

Фариза апамыздың өмірден озуын естігеннен бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің жаңалықтар таспасында ол кісіге арналған көптеген материалдар жарық көрді. Еліміздің бетке ұстар азаматтары қазақ жұртшылығының қабырғасын қайыстырған ауыр қазаға орай ақынның туған-туыстарына қайғыра көңіл айтып, агенттік арқылы бақұлдасып та жатыр. Жалпы, қазақ басылымдарының барлығы да осынау суыт хабарға жедел үн қосып, елімізге есімі белгілі ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің Фариза Оңғарсынқызымен бақұлдауға арналған жан тебірентер материалдарын жариялауда.

Мәселен, жазушы Әбіш Кекілбайұлы: «Өтіп бара жатқан дәурен-ай десеңізші. Фариза екеуміз бір жылдың, бір айдың төлі едік. Әдебиетке бірге келіп, жарыса жазып едік. Оның жазғандарына өз жазғанымнан бетер қуанушы едім. Алған асуларына, шыққан шыңдарына еріксіз сүйсініп, ерекше тамсанатынмын. Шынында да, ол тал бойында бір міні жоқ ұлы ақын еді. Сондықтан да оның туындылары жарық көрген бойда қалың оқырман қауымның жүрегіне жол табатын. Үлкен де, кіші де, әйел де, еркек те бірдей қадірлеп, төбелеріне көтеретін. Қазақ елінің қай түкпіріне барсаңыз да, оны өз перзентіндей аялап, әлпештейтін. Ол ел арасында ақылман Абайдай, алдаспан Махамбеттей, айтқыр Қасымдай, ақиық Мұқағалидай айрықша қастерленетін. Нағыз бүкілхалықтық махаббатқа ие еді. Жұрт оны алмастай тіліп түсер өткірлігі үшін, қара қылды қақ жарған әділдігі үшін, бет қаратпас алапат батылдығы үшін өліп-өшіп жақсы көретін», - дейді қабырғасы қайыса. Сонымен қатар ол халық махаббатының айдынында жүзген ақын даңқы өзінің жеңімпаздық жолын жалғастыра беретіндігін, ел сүйіспеншілігі еселене түсетіндігін, өйткені Фариза соңына өлмес, өшпес мұра қалдырып кеткендігін баса айтады.

Иә, қаңтардың бетті қарып, денеңді тітіркендірер, өн бойыңды қалтыратар қатал қара суығынан да ызғарлы «Фариза Оңғарсынова өмірден озды» деген суыт әрі суық хабар желдей есіп, қазақтың бүкіл даласына тарағаннан бері аза тұтпаған адам жоқ шығар, сірә. Алайда, Алланың ісіне не шара? Тіршіліктің заңы сондай деп жұбатамыз өзімізді. Рас, данышпан ақынымыз Абай Құнанбайұлы: «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» демекші, Фариза апамыздың кешегі дауылпаз Доспамбет, шамырқанған Шалкиіз, кәріжорға Қазтуған, алдаспан Ақтамберді, жалаугер Махамбеттерден қалған аруақты да арынды жырдың жалғасы іспеттес өлеңдері ғасырдан ғасырға жыр сүйер қауымның жүрегінде мәңгі жатталып қалса, қазақ әдебиетінде өшпестей мәңгі таңбаланған есімі ұрпақтар жадында жаңғырып отырары сөзсіз.

Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов те ірілік пен кеңдікті, парасат пен парызды, міндет пен мінәжатты тең ұстаған, қай кезде де қазақтың қаны, азаматтың ары үшін күреске дайын үлкен қоғам қайраткері болған Фариза апамызды зор тебіреніспен еске алады.

«Асау ғасыр! Іріні үгіп демің

бара жатса сөнердей үміттерім.

Мен тілеймін: күңкіл мен ұсақтықтан

сақтағай деп даламның жігіттерін», - деп жырлаған ұлы да ұлт тілеуқорынан қапияда көз жазып қалдық. Шүкірлік етеріміз сол, апамыздың соңында уақыттың тозаңы қонбас ғажайып мол мұрасы қалды. Ол - мәңгілік! Ғасырдан ғасырға өткен сайын жаңа қырымен жарқырай түсер, егемен еліміздің жас ұрпағының жаттап өсер жасампаз жырына айналар», - дейді ол.

Ал сыншы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Қирабаев Фариза Оңғарсынқызы ешкімге ұқсамайтын дара талантымен танылғанын, ол жаны сүйгенді, сүйсінгенін, түйсінгенін, көңілі қалып жерінгенін жазғандығын баса айта келе: «Фариза адам есебінде де, дарын-талант есебінде де ірі, кесек мінезді, жігіттің сойы дерлік, ерке, батыр қыз еді. Ол өмірдің ұсақ-түйегіне алаңдамады. Ірілікті, мәрттікті сүйді. Оның астарында әйелдік сезімнің байлығы жатады. Ол махаббатты ұлы сезім санады. Оған бас иді. Оны сүйе білудің азабы деп ұқты. Сезім нәзіктігін паш етті. Онда жасандылық жоқ еді. Ойшыл болса, шындықты тани білуден, мұңды болса, ақындықтың болмысынан дерлік. Кейде өзін жалғыз сезінетін кездері де аз болмайтын. Бірақ ол ақынның ортасынан, айналасынан бөлінуі емес. Ойларының қолдау таппай қиналуынан туатын. Соның өзінде ол өмірді шексіз сүйді. Өле-өлгенше азабымен ұстамдылықпен, табандылықпен алысты. Фариза біздің заманның, адамзаттың биік үлгідегі ақыны болып қалды», - дейді С.Қирабаев.

Қазақтың ұлттық поэзиясына өзіндік өзгеше леп әкеліп, ерекше дарын иесі екендігін барша өнер сүйер қауымға мойындата білген Фариза Оңғарсынова жайында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл былай дейді: «Фәкең елге ең алдымен ақын ретінде танылды. Шын мәнінде қазақ поэзиясында Махамбеттерге тән үлкен жігер сақталып келсе, қазақ поэзиясында айбын пайда болатын болса, қазақ әдебиетінде қоғамдағы шындық өз қалпында айтылып, сыналып жататын болса, осының бәріне Фариза Оңғарсынованың ықпалы өте зор».

Фариза Оңғарсынқызының ауыр қазасы қазақ әдебиетінің алдыңғы толқынындағы аға-апалары, қоғам қайраткерлерімен қатар, қолына қалам алып, жүректен шығар жұмыр жырлары бүгінге қалың оқырманның жан дүниесіне жылу сыйлап үлгерген кейінгі толқын інілерін де қалың қайғыға салды. Мәселен, ақын, «Әдебиет порталының» редакторы Бауыржан Қарағызұлы: «Бір Алланың адам баласына құлпырта берген таңдау еркінде өз тағдырын өздері тамылжыта таңдай қақтыра жазатын тек хас ақындар. Қазақ поэзия кеңістігіндегі Фариза Оңғарсынова - хас ақын. Ол Өлеңнен өзін іздеді. Өлең оның жан сырласы, жақын мұңдасы болды. Өмір заңдылығына сыймаған ой толқыны Өлең болып арнасынан асып-тасып жатты. Құдайдың кұдіретімен қауызында мөлдір сезім мен дұғалы ойдың бейнесінде көрінген өнер туындысы ұлы уақыт жанарында ғасырлар бойы гауһар тастай жарқырап тұрады. Ол мұңды жүректегі мәңгілік махаббаттың «тілсіз тілінде» сөйледі», - дейді.

Жүрегі нәзік болса да өр мінезді, өршіл жырларымен, қоғамға сіңірген зор еңбегімен барша Қазақстан халқының сүйікті қызына айналған ардақты апамыздың иманы саламат болып, жан нұры пейіште шалқысын, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

ҚазАқпарат ұжымы қазақ елінің қабырғасын қайыстырған ауыр қазаға орай Ф.Оңғарсынованың туған-туыстарына қайғырып, көңіл айтады.