Бүгін елордада Ақмоланың тарихы мен қазіргі кезеңі баяндалған кітаптың таныстырылымы болды
АНА. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін елордада шығарма авторы және редакциялық кеңестің төрағасы Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов болып табылатын «Ақмоланың Есіл жағасындағы этностар: тарих және қазіргі заман» атты кітаптың тұсаукесері болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бір мың данамен жарық көрген 280 беттік кітап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында әзірленді. Жобаның жалпы құны - 4 миллион теңге. Кітаптың негізгі құны 1200 теңге, нарықтық бағасы анықталғаннан кейін кітап дүкен сөрелеріне түсетін болады.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен кітапқа бірегей деректерді жинаумен және оны басып шығарумен «Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті түлектерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі айналысты.
«Кітап тек қаламыздың ғана емес, жалпы Ақмола өңірінің тарихын қамтиды. Арқа жері - Ақмола өңірі талай тарландардың, талай майталмандардың мекені болған киелі аймақ. Екі кезеңнен тұратын кітапта кешегі Ақмола, Целиноград пен бүгінгі Астана қалаларының тарихы өзара сабақтастырылған. Оған ХІХ-шы және ХХ ғасырдың басында түсірілген құнды суреттердің көшірмелері енгізіліп, сол кездері Ақмола өңіріне қоныстанған сан алуан ұлттардың келу тарихы баяндалған», - деп атап өтті қалалық Ішкі саясат басқармасы бастығының міндетін атқарушы Руслан Қамашев.
Сондай-ақ кітапта, Қазақстандағы ұлтаралық тұрақтылықты сақтап қалудағы Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегі, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі мен Астанадағы Ұлттық мәдени орталықтар жайында баяндалған.
Кітап рецензенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинның айтуынша, кітап басылымғы 1 жыл дайындалды және болашақта ол толықтырылып, қазақ және өзге тілдерге аударылатын болады. Ғалым З.Қабылдин келешекте Ауған, Ұлы Отан соғыстарына қатысқан бүгінде көзі тірі ардагерлердің ерліктері туралы, Ақмола облысында болған ашаршылықты көрген азаматтар жайлы, сондай-ақ оқушыларға арнап Астананың тарихы туралы кітаптарды жазуды ұсынды.