Бүгін Қазақстанның басым аумағында ауа райы аздаған бұлтты, жауын-шашынды
АНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін, 12 наурыз күні Қазақстанның басым аумағының ауа райын антициклон қалыптастырады, күн райы аздаған бұлтты болады деп күтілуде.
Республиканың тек батысына атмосфералық ағым бөліктерімен байланысты циклон әсер етеді, мұнда жауынды әрі бұлтты ауа райы болжануда.
Атап айтқанда, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, түнде және күндіз Қостанай облыстарының жекелеген жерлерінде тұман болады.
Оңтүстік Қазақстан облысында 15-20 м/с екпінде жел соғады, түнде кей жерлерге тұман түседі.
Қызылорда, Маңғыстау, күндіз Қарағанды облыстарының кей аумақтарында секундына 15-20 метр жылдамдықта жел тұрады.
Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарының кей өңірлерінде бұрқасындатып, 15-20 м/с күшпен жел соғады.
Алматы облысын кей уақыттары тұман басады, түнде өңірде көктайғақ күтілуде.
Жамбыл облысында жел көтеріліп, оның екпіні секундына 15-20 метрді құрамақ, ал түнде тұман мен көктайғақ болжануда.
«Қазгидрометтің» гидрологиялық болжамдарына сәйкес, алдағы үш тәулікте Алматы облысының өзендерінде, сондай-ақ Шу мен Сырдарияда (Түмен-Арык ауылынан төмен) мұз қатпарларының еруінен су деңгейлерінің ауытқуы байқалады.
Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының аласа таулардағы өзендерінде су деңгейі көтерілуі ықтимал, ал ОҚО-ның жекелеген өзендерінде су тасқындары болуы мүмкін. Сырдария өзенінде Қарақұм су қоймасынан суды ағызу ұлғайтылатындықтан Шардара су қоймасына судың келуі артады. Республиканың солтүстігіндегі өзендерде (Жайық, Есіл, Нұра, Ертіс және т.б.) қысқы үдерістер сақталады.