Бүгін Кеңес Одағының Батыры, ғалым Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 100 жыл толды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, Педагог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Кеңес Одағының Батыры, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты ҒАБДУЛЛИН Мәлік дүниеге келді.
Қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданында туған. 14 жасынан бастап атақты жазушы Сәбит Мұқановтың тәрбиесін алған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Институттан кейін 1935-1937 жылдары әскери борышын өтеген.
1937-1983 жылдары - «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері, «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары, КСРО Ғылым Академиясының Қазақстандық Филиалындағы Тіл және Әдебиет Институтының ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған. 1938-1946 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспиранты болған. 1941-1945 жылдары - Генерал И.В.Панфилов бастаған даңқты 28-ші гвардия дивизиясы құрамында Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған ұрыста Мәлік солдаттардың біразына басшылық етеді. Ол басқарған сарбаздар фашистердің тісіне дейін қаруланған әскеріне тойтара соққы береді. Кескілескен ұрыстың нәтижесінде жаудың екі таңкісін гранатамен жарып, жаудың 12 солдатын тұтқынға алады. Ұрыс кезінде Мәлік Ғабдуллин жарақат алады. алайда алған жарақатына қарамастан жауға қарсы оқ боратады. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен (№ 1035) Мәлік Ғабдуллинге 1943 жылдың 30-қаңтарында Кеңес Одағының Батыры атағын беріліп, Ленин ордені және «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталған.
Соғыстан кейінгі жылдары ғылыми-педагогикалық салада қызмет атқарған. 1946-1951 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты директорының орынбасары, директоры. 1951-1963 жылдары - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ректоры, 1963 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.
1947 жылы «Қобыланды батыр» жырын ғылыми зерттеудің проблемалары» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген монографиясында халқымыздың лиро-эпосы, батырлық жырлары, ертегі-аңыздары, тұрмыс-салт өлеңдері, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, суырыпсалма өнері туралы ғылыми зерттеулер мен қорытындылар жасады. Оның қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы жазған 100-ден астам мақалалары республикамыздың газет, журналдарында жарияланды.
Мәлік Ғабдуллиннің зерттеген негізгі еңбектері - қазақ халқының батырлық эпостары, мақал-мәтелдері, айтыстары, ергешілері мен халық әндері болады. Қазақ әдебиетінің көптомдық тарихын шығаруға ат салысады. Оның «Қазақтың батырлық эпостары» зерттеу еңбегі 1972 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 2-4-шақырылымдарының депутаты.
«Менің майдандас достарым», «Алтын Жұлдыз», «Майдандық очерктер (Фронтовые очерки)», «Будни войны», «Достар, жолдастар жайлы», «Ызғарлы жылдар (Грозные годы)» атты көркем әдеби шығармалардың авторы. Әдеби туындылары И. П. Щеголихин көмегімен орыс тіліне аударылған. Мәлік Ғабдуллиннің Алматыда тұрған үйі мен қызмет атқарған Институтында батырға арнап мемориалды тақта орнатылған. Өзі туып-өскен аудандағы мектеп пен көше аттары Мәлік Ғабдуллиннің есімімен аталады. Көкшетауда батырға арналып арнайы мұражай ашылған. Алматы, Астана және Көкшетау қалаларындағы көшелерге есімі берілген.
Ленин орденімен, «Қызыл Ту» орденімен, Бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен және екі рет «Қызыл жұлдыз» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.
1973 жылы 2 қаңтар күні Алматы қаласында дүниеден озды.