Бүгін кешке қарай Кентаудағы жылу беру бойынша технологиялық жүйе қалыпты жұмыс істейді - ОҚО әкімі
АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін кешке қарай Кентаудағы жылу беру бойынша технологиялық жүйе қалыпты тәртіппен жұмыс істейді.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысына Кентаудан селекторлық байланыс арқылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов мәлім етті.
«Қазіргі кезде екі қазандық жұмыс істеп тұр. №6 қазандықты да қостық. Кеше аталған екі қазандық жылу беріп тұрды. №7 қазандықта жөндеу жұмыстары аяқталды. 1 сағаттан кейін оны да іске қосамыз», - деді әкім.
Оның сөзіне қарағанда, жылу беру жүйесі технологиялық режімге кіре бастады. Қазіргі кезде жылу 20 градуспен таралуда, ал түске қарай температура 35 гарадусқа жеткізілмек.
«Жөндеу жұмыстары №11 қазандықта да жүріп жатыр. Алайда жылу режімін қамтамасыз ету үшін 3 қазандық та жеткілікті», - дейді өңір басшысы.
Қаладағы жағдайға тоқталған әкім, «әлеуметтік қамтамасыз етудің барлық нысандары, яғни барша мектептер жеке жылу беру жүйесімен қамтамасыз етілді. Мектептердегі сабақтар үздіксіз жүргізілді. Денсаулық сақтау нысандары да қалыпты режімде жұмыс істеп жатыр. Температуралық режім нормативтерге сай келеді», - деді.
«Бүгінгі күннің соңына қарай барлығы қалыпты тәртіпте жұмыс істей бастайды», - деп түйіндеді А. Мырзахметов.
Өз кезегінде Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов жылу беру мәселесін ел өңірлерінде ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды.
Еске, сала кетейік, 4 ақпан күні Кентау қаласындағы ЖЭО-5-те ауа температурасының күрт төмендеуінен 6 бірдей жылыту қазандықтарында мазут отыны қатып қалған. Соның салдарынан 35 мың тұрғыны бар қала түгелімен жылу жүйесінсіз қалды.