Бүгін Оралда қала күнін мерекелеу басталады

Орал қаласы әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында кешкісін «Орал - таланттар қаласы» фестивалі өтеді. Сондай-ақ 2 қыркүйекте қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Гармоника» мерекесі болмақ. Бейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратының залында «Орал аруы-2015» байқауының жеңімпаз-жүлдегерлері анықталып, «СИТИ-ЦЕНТР» мен «Орал» сауда ойын-сауық орталықтарында «Оралым - асыл қалам» атты мерекелік бағдарлама қойылмақ.
Жұма күні күрделі жөндеуден кейін №16 «Орман ертегісі» балабақшасы қайта ашылмақ. «Арман» дене шынықтыру-спорт кешенінде волейболдан қала әкімінің жүлдесі үшін қалааралық «Достық» турнирі жалауын көтеріп, Қадыр орталығында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған дөңгелек үстел отырысы өтеді. Ақжайық, Зеленов, Теректі аудандарының өнерпаздары қалаға қарасты кенттерде концерт қойса, орталық Абай алаңындағы мерекелік бағдарлама отшашумен тәмамдалады.
Негізгі шаралар 5 қыркүйек, сенбіге белгіленіп отыр. Бұл күні Орал қаласының әкімі қонақтарды салтанатты түрде қабылдап, бауырлас қалалар басшылары арасында меморандумға қол қойылатын болады. Түрлі мәдени-спорттық шаралар П.Атоян атындағы стадионда театрландырылған концерт және отшашумен мәреге жетеді.