Бүгін Павлодар облысында 80 шағын орталық ашылады
ПАВЛОДАР. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Бүгін, қыркүйектің 1-інде Павлодар облысының қалалары мен ауылдарында 4886 орынға есептелген 80 шағын орталық ашылады, деп хабарлады білім басқармасынан.
Орталықтардың жиырмасы - 4-5 жасар балдырғандарды облыс орталығында қабылдайды. «Бұл игі шара мыңдаған кішкентай павлодарлықтарды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қосымша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Шағын орталықтарды ұйымдастыруға бюджеттен 130 миллионнан астам теңге бөлінген. Білім бөлімінің комиссиясы санитарлық қызметтердің, төтенше жағдайлар және өртке қарсы қауіпсіздік қызметтерінің өкілдерімен бірлесе отырып, барлық шағын орталықтарды қабылдап алды», деп атап көрсетті Павлодардың білім бөлімінің бастығы Зәуреш Мұқашева.
Шенеуніктің айтуынша, орталықтардың барлығы ойын және жатын бөлмелерімен жабдықталды, жаңа жиһаздар, төсек-орындар, ойыншықтар мен оқу-көрнекілік құралдары сатып алынды. Орталықтардың барлығы тәрбиешілермен және олардың көмекшілерімен толық жасақталып отыр. Балалардың тізімдері де жасалып қойылған, шағын орталықтарға жолдама осыдан бір апта бұрын беріле бастаған.