Бүгін татардың ұлы ақыны - Ғабдолла Тоқайдың туғанына 125 жыл

ОРАЛ. 26 сәуір. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бүгін татардың ұлы ақыны - Ғабдолла Тоқайдың туғанына 125 жыл толып отыр.
None
None

Халықаралық ТҮРКІСОЙ ұйымына мүше елдердің шешімімен «2011 жыл - Ғабдолла Тоқай жылы» деп жарияланды. Шынында да Ғабдолла Тоқай шығармашылығы - түркі дүниесінің ортақ мұрасы.

«...Әзірге қолға түскені - мына Ғабдолла Тоқаев деген татар ақынының кітабы. Бұны мен саған әдейі жіберіп отырмын. Бұл да сен сияқты жетім болып, қорлықта өскен адам. Ақырында, өзінің тырысуының арқасында ақындықтың биік сатысына көтеріліп, бүкіл татар әдебиетінің жұлдызы болды. Түсініп оқыған кісіге Ғабдолла Тоқаевтың өлеңдерінен алатын үлгі көп. Сондықтан да саған жинағын жіберіп отырмын. Көзбен түсіне алмаған сөздеріне көңілмен түсінер деп ойладым. Тоқаевтың өмірі де, өлеңдері де саған үлгі болуына сенем. Бір үлкен арман - біздің қазақ әдебиетінің Ғабдолла Тоқаевы жоқ. Қазақ жазба әдебиетінде біз білетін өлі, тірі ақындардың біреуі де Тоқаевтың ширегіне келмейді...»

Бұл 15 жасар Сәбит Мұқановқа 1916 жылдың қысында Баймағамбет Ізтөлиннен келген хаттан үзінді. Кейін қазақ әдебиеті классиктерінің бірі атанған Сәбең бұл кезде жетімдіктен жетіліп оқи алмай, Жуанағаш ауылында «молда бала» атанып, бала оқытып жүрген еді...

Осы Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде» татар ақынының өмір жолы туралы толық мәлімет бар.

«Ғабдолла 1886 жылы Қазан оязы, Құшлауыш ауылында туады. Әкесі Мұхаммед Ғариф ауылдың имамы екен, шешесі Мәмдуда Ошлы аталатын ауылдың имамы Зейнетолланың қызы екен. Ғабдолла бес айға толғанда әкесі өледі, шешесі Сасны атты ауылдағы молдаға күйеуге шығады да, Ғабдолланы Шарифа атты кемпірге тастап кетеді. Кейінірек шешесі ұлын қасына алады, бірақ кешікпей өледі. Жетім Ғабдолла нағашыларына қайтарылады.

Шаруасы кедей, баласы көп Зейнетолланың тоқал қатыны Ғабдолланы күтпей, нағашысы оны Қазанға баратын біреуге «асырайтын адам табылса берерсің» деп ертіп жібереді. Қазан базарында Ғабдолланы Мухмуд Уәлі деген бөгде бір адам асырап алған.

«Қырсық қырық ағайынды». Жап-жақсы тұра бастаған Ғабдолланың асырап алған әкесі мен шешесі кешікпей ауруға шалдығады да, тәрбиелей алмайтын болған соң нағашыларына қайтарады. Безінген нағашылары оны Қаралай деген ауылдағы ұлы жоқ Сағди деген кісіге беріп жібереді. Сол ауылда ол қадімше оқуға түседі. Екі жылдан кейін асырап алған шешесі ұл табады да, Ғабдолланы шетқақпай қыла бастайды. Сол кезде оны туған ауылынан келген Бәдредден деген адам бауырсырап алып кетеді де, жұмысқа салып қояды.

Ақыры Батыс Қазақстандағы Орал қаласында туған апасы бары естіліп, Ғабдолла соған жөнелтіледі...»

Ғабдолла Оралға келгенде жасы 9-да болатын. Әкесінің қарындасы Ғазизаның қолына келген жетім бала осы жерде ғана жетіліп, қатарға қосылғандай болады. Оралдағы әйгілі ғұлама, Мысырдың Әл-Асқар университетін бітіріп келген Мүтиғолла Тухватуллиннің «Мүтиғия» медресесіне оқуға түседі. Медресе жанындағы орыс мектебінен дүниәуи ғылымдарды, орыс тілін үйренеді. Шығармашылық таланты жарқырай ашылады. Титтейінен тағдырдың ыстық-суығын көріп шыңдалған Ғабдолла сол кезден-ақ ұлт ісіне араласа бастайды. Медреседе шығатын «Әл Ғасыр әл жәдид» («Жаңа ғасыр») қолжазба журналында Ғабдолланың тырнақалды дүниелері жарияланады. Ғабдолланың жақын досы әрі аттасы Ғабдолла Қариев «ол медреседегі ең білімді, алғыр шәкірт болатын» деп еске алған.

Тоқайдың ұстазы Мүтиғолла Тухватуллиннің үлкен ұлы Камил мен Ғабдолла дос болған. Теке татарларының тұңғыш баспасөзі «Фікір» мен сатиралық «Оқ» газеттерін олар бірге шығарған. Қазір Ғабдолла Тоқай мұражайы болып тұрған көне үйде, бұрынғы Мүтиғолла Тухватуллиннің шаңырағында, дәлірек айтсақ, үй жанындағы жертөледе баспахана болған. Ғабдолланың өзі осы баспаханада жұмыс істеген. Кеңес кезінде Орал облыстық баспаханасы көп жыл бойы Ғабдолла Тоқайдың есімін иеленген болатын...

Қай жерде де ұлылар ең алдымен ұлтына қызмет етеді. Ғабдолла да жан-тәнімен өз ұлты үшін, татар халқының мүддесі үшін күресті. Оның орыс поэзиясынан татар тіліне аударған алғашқы шығармаларының бірі А.Крыловтың «Ұйықтап жатырмысың, қара шекпен?!» («Сон мужика») мысалы болыпты...

1907 жылдың күзінде ақындық һәм күрескерлік атағы дүңк-дүңк шыға бастаған 21 жасар Ғабдолла Қазанға қарай бет алады. Оралдағы Тоқай музейінің директоры Марат Багаутдинов бұл сапардың жайын: «Ғабдолланың әскерге шақырылатын уақыты келді, сол кездегі тәртіп бойынша ол туған жеріндегі әскери комиссариатқа баруы тиіс еді» деп түсіндіреді. Бірақ, ғұмырын ұлт азаттығы жолына арнаған адамның ерте ме, кеш пе, астанаға аттанатыны анық болатын...

Жоғарыда айтылған хатта Баймағамбет Ізтөлиннің: «Қазақ жазба әдебиетінде біз білетін өлі, тірі ақындардың біреуі де Тоқаевтың ширегіне келмейді...» деп өкінетіні бар. Хаттың жалғасы былай келеді: «...Іштей осылай намыстанып жүрген кезде, жуырда ғана бір қуанышты хабар естідім: бір күні Ғалауетденмен кеңесіп отырып, Тоқаевты айта кеп, қазақта ондай ақын жоғына реніш көңілімді баяндап ем, «бар ондай ақын!» деді Ғалауетден. «Кім?» дедім мен. «Абай Құнанбаев!» деді...»

Қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы Абай болса, қамшының сабындай ғұмырында бес том шығарма қалдырған Ғабдолла Тоқай да татар ағайындар үшін солай. Ол өмірден өгейлік көрсе де, өз халқына өгей бала еместігін ісімен де, сөзімен де дәлелдеп кетті.

Бүгінде Татарстанның өнер мен әдебиет саласындағы ең үлкен мемлекеттік сыйлығы Ғабдолла Тоқайдың атында...

Сәбит Мұқанов «(Өз халқының) ауыр тұрмысына оның жаны ашиды, жақсылық қылуға жан таласады, өнер-білімге шақырады. Оның тәні ғана емес, жаны да ауырады. Осы екі ауру қабаттаса келіп, ақынның лаулаған өмірін 27 жасында сөндіреді» деп жазады.

-Ғабдолла ауыра бастағасын достары уайымдап, оған үйлену жөнінде кеңес бере бастайды, - дейді Орал қаласындағы Ғабдолла Тоқай музейінің директоры Марат Багаутдинов. - Ондағы ой - ақыннан ең болмаса ұрпақ қалсын дегендік еді. Бірақ Ғабдолла оған келіспейді. Сірә, жетім өскен өз өмірін баласы қайталамасын деген болар...

Тоқайдың аурухана төсегінде түскен ең соңғы суреті сақталған. Оның тарихы да аянышты.

Ғабдолла Клячкин ауруханасында жатыр. Науқасы күн санап меңдеп барады. Ақынның досы Шиғап Ахмер еске алады: «Ғабдолла әфенді, сіз нашарлап барасыз. Мұндай жағдайда фотоға түсу керек. Егер жазылып кетсеңіз, өзіңізде қалар. Ал дәм-тұз таусылса, достарыңызға естелік болсын» дедік. Бұған Тоқай қарсы болды. «Кейінірек, кішкене әл жиып алайын». Мен оған «Сіз орныңызда отырасыз. Сізге еш қиындық келтірмейміз» дедім. Сосын фотографты шақырдық. Бұл 1913 жылдың 1 сәуірі еді».

Ертеңінде, кешкі 8-ден 15 минут өткенде Ғабдолла Тоқайдың жүрегі соғуын тоқтатты...

Бірақ Ғ.Тоқай татардың ұлы ақыны ретінде тарихта қалды. Ғ.Тоқайдың 125 жылдығына орай шаралар Орал қаласында да ұйымдастырылуда. Оралда Ғ.Тоқай атындағы көше мен ақын мүсіні де бар.

Соңғы жаңалықтар
Референдум