Бүгін Тайванда саңырау жандардың жазғы олимпиадалық ойындары басталады
деп хабарлайды ҚазАқпарат Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Жарыс Халықаралық олимпиадалық комитеттің және Саңыраулардың халықаралық спорт комитетінің қолдауымен өтеді. Ойындарда әлемнің 85 елінен 4 мың 200-ден астам саңырау адам спорттың 20 түрінен жарысқа түседі.Қазақстан құрамасы олимпиадалық бағдарламаның 6 түрі бойынша, атап айтқанда - жеңіл атлетика, футбол, еркін күрес, бадминтон, жүзу, үстел теннисінен өнер көрсетеді.
«Ойындардың салтанатты ашылуы қыркүйектің 5-інде жергілікті уақыт бойынша 19 сағат 30 минөтте Тайбей қаласының орталық стадионының басты аренасында болады. Оған Халықаралық олимпиадалық комитеттің президенті Жак Роге және әлемдік кино жұлдызы Джеки Чан қатысады деп күтілуде. Саңыраулардың халықаралық спорт комитеті бұл ойындарды 1924 жылдан бері өткізіп келеді. Қазақстан құрамасы ойындарға алғаш рет 1997 жылы Данияның Копенгаген қаласында қатысты», делінген министрліктің хабарламасында.