Бүгін - Ұлттық валюта күні (Қаржыгерлер күні)
АСТАНА. 15 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін - Ұлттық валюта күні (Қаржыгерлер күні).
Теңгенің айналымға енген күні. Қазақстан Республикасы Президентінің 1997-ші жылғы 13 қарашадағы Жарлығымен Ұлттық валюта күні, еліміздегі қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып жарияланды. Ұлттық валютаны теңге деп атауды ұсынған - Халықаралық Инженерлер академиясының академигі, Қазақстанның белгілі ғалымы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов еді.
2006 жылы 15 қараша күні ұлттық валютамыздың жаңа дизайнмен әрленген 200, 500, 1000, 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттары айналымға шықты.
Дизайн мемлекеттік рәміздерді, еліміздің сәулет нысандары мен табиғи ландшафтарын бейнелей отырып, Қазақстанның осы заманғы бейнесін береді. Қолайлылық үшін номиналдарды сандық және жазбаша белгілеу ірі қаріптермен басылған. Нашар көретін адамдар үшін банкноттарда әр жеке номиналға тән жоғары бедерлі арнаулы элементтер пайдаланылған.