Бүгінде экс-әкім Храпунов ешкімнен именбестен қолындағы байлығын бүкіл әлемге жария етіп, Швейцарияда шалқып өмір сүріп жатыр
АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгінде экс-әкім Храпунов ешкімнен именбестен қолындағы байлығын бүкіл әлемге жария етіп, Швейцарияда шалқып өмір сүріп жатыр.
Бұл туралы «Айқын» газетінің сенбі, 1 қыркүйек күнінде жарық көрген санында «Қазақстанның қанша қаржысын қымқырды?» (авторы - Қайыржан Төрежан) деген атпен шыққан мақалада айтылады. ҚазАқпарат төменде мақаланың толық мәтінін беріп отыр.
Шетелге қашып кеткен бұрынғы министр, Алматы қаласының экс-әкімі Виктор Храпуновтың үстінен былтыр 22 қарашада қаржы полициясы жиырма шақты қылмыстық іс қозғап, іздеу жариялаған. Оның ішінде құзырлығын асыра пайдалану, аса ірі көлемде пара алу, заңсыз жолмен иеленген қаржыны және басқа мүліктерді заңдастыру, сеніп тапсырылған ірі мөлшердегі бөтен мүлікті иеленіп кету, ұйымдасқан қылмыстық топтарды қаржыландыру сияқты қылмыстық баптар бар. Сот Храпуновты қамауға алуға санкция берді. Ақпанның 8-інен бастап оған халықаралық іздеу салынған. Ұйымдасқан қылмыстық жолмен келген қаржыны заңдастыруға әрекеттеніп жүрген Виктор Храпуновты Қазақстан билігі іздестіріп жатқандығы туралы маусым айында Интерпол халықаралық полиция ұйымының сайтына жарияланды.
Виктор Храпунов ұзақ уақыт Алматы қаласының әкімі болды. Одан кейін бірер жыл Шығыс Қазақстан облысын басқарды. Оның Қазақстандағы соңғы қызметі - Төтенше жағдайлар жөніндегі министр. 2007 жылы Алматы аумағында қорғалатын су учаскелеріндегі жер телімдерін заңсыз бөлуіне байланысты, шуға байланысты қызметтен босатылды. Естеріңізде болар, Алматының айналасындағы табиғат қорғау аумағына жататын жер телімдерін заңсыз сату кезінде Елбасына да жеткен. Сол кезде Президент қабылданған қаулының орындалуын және жоғары лауазымды тұлғалардың табиғат қорғау зонасында салған элит үйлердің заңдылығын тексеру туралы тапсырма берген. Осыдан кейін Храпуновтың жерді заңсыз сатуға қатысты былықтары ашыла бастады. Алматыда Храпуновтар әулеті өз фамилияларына немесе басқа адамдардың атына құжатталғаны бар, барлығын қосқанда 32 объектіні және 16 таңдаулы жер телімдерін иеленген екен. Соның ішіндегі аумағы 2489 шаршы метр болатын объект «Шымбұлақ» шаңғы тебу курорты да тұр.
Пайғамбар жасына келген Виктор Вячеславович бес баласы мен жеті немересін алып 2008 жылдың көктемінде Еуропаға эмиграцияға кетті. Қазір Швейцарияда тұрып жатыр. Ұлы, қызы, зайыбы және өзі ресми түрде миллионерлер болып табылады. Соңғы уақытқа дейін Храпунов тұрып жатқан мекенжайын ешкімнен жасырған жоқ. Қазір ол Швейцариядағы ең бай адамдардың бірі болып саналады. Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов Швейцарияға көшіп барғаннан кейін бір жылдың ішінде ең бай адамдардың тізімінде тұрды. 2009 жылғы миллионерлер рейтингі бойынша оның қалтасындағы қаржы 300-400 миллион франк (288,5-384 миллион доллар) болған. Былтырғы тізімге бұл отбасынан Ілияс Храпунов және Эльвира Храпунова-Бельдимани кірді. Bilan журналының жариялауы бойынша, отағасынан биыл басқа бұл үйден тағы екі миллионер шыққан. Биылғы байлар тізіміне зайыбы Лейла Калибекқызы Храпунова және ұлы Ілияс Храпунов та кіріпті. Рейтинг жасағандардың мәліметінше, 2012 жылы Ілияс Храпуновтың Swiss Development Group (SDG) компаниясы Hotel du Parc кешенінде 24 керемет резиденцияны ашқан. Ілияс БТА банкті тақырға отырғызып, Англияға қашып кеткен Мұхтар Әбілязовтың Мәдина деген қызына үйленген.
Қазақстанда заңсыз жер сатып жинаған бұл миллиондарды Храпунов адал еңбегіммен, маңдай теріммен таптым деп есептейтін болуы керек. Виктор Вячеславович 2008 жылы сәуір айында Қазақстаннан кейбіреулер, мысалы, өзінің құдасы Әбілязов сияқты қашып кеткен жоқ. Ол жора-жолдастарына, көрші-қолаңға «кетераяқ» жасап, жеңіл-желпі, көтере алатын байлықтарын буып-түйіп, артынып-тартынып кетті. Алайда Қазақстанда оның біраз жылжымайтын мүліктері қалды, оларды сатып кетуге Храпуновтың уақыты болған жоқ. Дегенмен елдің айтуынша, Виктор Вячеславович Еуропаға көшетін кезде ТУ-154 ұшағын бір өзі жалдаған екен. Оның өзімен бірге көп орын алатын көрпе-жастық, үй жиһаздарын алмағаны белгілі, бірақ 18 тонна жүкті әуеге көтеретін ұшақта ине шаншар бос орын қалмаған, деседі көрген жұрт.
Бүгінде экс-әкім Храпунов ешкімнен именбестен қолындағы байлығын бүкіл әлемге жария етіп, Швейцарияда шалқып өмір сүріп жатыр. Тіпті соңғы кездерде Храпунов оппозициялық басылымдарға жиі шығып, Қазақстан Президентін сынға алып жүр. Төрт тілде жарияланатын сайтында бұрынғы әкім, экс-министр өзін «саясаткер, бүкіл еңбек жолын Қазақстанның өркендеуіне арнаған, маңызды бастамаларды көтерген реформатор» ретінде көрсетеді. Қылмыстық қудалануда жүрген экс-әкім Виктор Храпунов жақында «К+» телеарнасы арқылы Өскемен тұрғындарын «Қазмырыш» ауаға лақтыратын удан қалай қорғағаны туралы айтып біраз көсілді. Ол «ертегісіне» шетелдіктерді болмаса көз көрген өскемендіктерді қалай сендірсін.
Храпунов 1997 жылдың ортасында Алматыда әкім болып отырды. Осы кезде көптеген үкіметтік мекемелер, банктер, сауда орталықтары, биржалар, базарлар, Кеңес үкіметі кезінен қалған әскери зауыттар, ең бастысы жылжымайтын мүлік пен қымбат жер телімдері бар республикадағы ең ірі қаланы уысына алған ол көп ақша жасады. Виктор Храпунов тез арада шаруасын дөңгелетіп, Қазақстандағы ең бай адамдардың біріне айналды. Ол өзінің сенімді адамдары және оффшорлық компаниялар арқылы іс жүзінде қала инфрақұрылымдарына қатысты барлық коммерциялық айналымдардан өзінің сыбағасын алып отырды. Мемлекеттік шенеунік болған соң ол «тапқан» активтерін өзінің атына аудара алған жоқ, мұнымен зайыбы Лейла Бекетова айналысты. Жер телімдері, қайырымдылық қоры, туристік компания, сауда үйлері, меншік университет, құрылыс корпорациялары, әйелдер клубы, санаторий, қонақүйлер, мейрамханалар, қалалық әуежайдың басым бөлігі және отбасының ең басты байлығы - зергерлік бизнес зайыбының атында болды. Виктор Вячеславовичтың өзі ешқандай бизнеспен шаруасы жоқ, тап-таза мемлекеттік қызметкер болып көрінді.
Виктор Вячеславович қаланы басқарып отырған тұста Алматы әуежайы салынды. Азаматтық авиациясының Қазақстандағы басқармасы жойылғаннан кейін «Қазақстан әуе жолы» ұлттық компаниясы құрылды да, әуежай соның құрамына кірді. 1996 жылы компания өз алдына акционерлік қоғам болды. Ұйымдастыру жұмыстары әлі аяқталмай, аяғына енді тұрып жатқан тұста Храпунов Алматыға әкім болып келді де, «Аэропорт Алматы» ААҚ осының «майшелпегіне» айналды. Өртеніп кеткен ескі әуежайдың орнына жаңа ғимарат тұрғызылды. Жаңа әуежай Алматының бюджетіне салынды, оған шамамен 13,4 млн доллар шықты. Бұл жерде шыққан шығынды жабу үшін әуежайдан түсетін пайданы алуға құқығы бар фирма қажет болды. Бұл жағын қала әкімі уысында ұстап отырды. Артынан әуежай салуға қатысты талай шу шықты. Әуежайдың несиелік тарихы шым-шытырық болғаны соншалықты, әкімшіліктің және басқа да мемлекеттік құрылымдардың кепілдігімен қанша несие алынғанын ешкім нақты айтып бере алмайды. Бұл да Храпуновтың тұсындағы үлкен былықтардың бірі болды. Оның заңсыз ақша табудағы әрекеттерін тізе берсе, шыға береді. Қала әкімі құзырындағы пәтер, жер телімдерін былай қойып, екі мыңыншы жылдарда көптеген маңызды объектілердің өзін жекеменшікке астыртын сата бастады. Мысалы, қаланың миллион тұрғыны ішіп отырған суды бір күнде сатты да жіберді. Алматы қаласының арнайы табиғат қорғау прокуратурасы, аса маңызды стратегиялық объект болып табылатын, қаланы ауызсумен қамтамасыз ететін артезиан скважиналарын мемлекеттің меншігіне қайтару туралы сотқа арыз түсіруге мәжбүр болды.
Қызмет істеп, атқа мініп жүрген кезде жинаған ақшасын Храпунов түгелдей шетелдік банкке аударып алған сияқты. Қазақстанда үлкен қызметтерді атқарған жылдары ол жыл сайын Салық комитетінен табысы туралы декларация алып, есеп беріп тұрды. Ал шетелге кетісімен өмір бойы мемлекеттік қызметте істеген шенеунік бір жылдың ішінде әлемдегі миллионерлердің қатарынан табылды. Қазір ол заңсыз тапқан миллиондарын мақтан тұтатын болар. Қазақстан құқық қорғау органдары қазір экс-әкім Виктор Храпуновқа қарсы жиырма шақты бап бойынша қылмыстық іс қозғады, бірақ оның Еуропадағы миллионерге ешбір әсері болмаған сияқты. Мәліметтер бойынша, Виктор Храпунов та Қазақстан азаматы. Ертең Храпунов ЕуроОдақтың азаматтығын алатын болса, қозғалған қылмыстық іс қағаз жүзінде қалып қоя ма деген күмән бар...