Бүгінге дейін шетелдіктер асырап алған 6014 баланың 5308-і АҚШ-та тұрады - Болатбек Төлепберген

Ы. Желтоқсанның 2-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Еліміздегі өзекті проблемалардың  бірі - жетім балалардың мәселесі. Бұған енді бүгінде шетел асқан балалардың мәселесі қосылып, бұл тақырып соңғы уақыттары қоғамдық ұйымдар мен БАҚ тарапынан жиі көтерілуде. Біз осы мәселені тереңірек зерттеп жүрген «Жерұйық» ұйымының  басшысы Болатбек Төлепбергенмен болған сұхбатты ұсынамыз.
None
None

       - Болатбек мырза, елімізде  жетім балалар мен шетелдіктер асырап алған балалардың жағдайы бүгінгі күні қандай деңгейде? Бала құқығы мәселесі қалай жүзеге асуда?

      - Қазақстан тәуелсіздікке ие болған күннен бастап балалар құқығы мәселесі негізгі  тақырыптардың тізімінде тұр. Биыл халықаралық қауымдастық БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенцияның жиырма жылдық мерейтойын атап өтсе, Қазақстан Республикасында аталмыш конвенцияның бекітілгеніне 15 жыл толды.    Алайда «Неке және отбасы туралы» заңды алып келіп, жетім балалардың шетелдіктерге берілуін заңдастыра түсуге үш рет қадам жасалса да, бір рет жетім балалардың мүддесін қорғайтын заң шыққан жоқ. Соңғы он жылдан бері жетімдеріміз шетелдіктерге кетіп жатыр. Бізде қазір шетелдіктерге бала берумен айналысатын 40-тан астам агенттік бар. Агенттіктің бір баланы өткізгенде табатын табысы 30-35 мың долларды құрайды. Бүгінге дейін 6014 бала шет ел асыпты, соның 5308-і АҚШ-та.  Бұл ресми деректер, заңсыз кетіп жатқандары қаншама. Осы уақытқа дейін Бельгияға - 163, Ирландияға - 126, Испанияға - 152, Германияға - 59, Францияға - 45 бала жөнелтілген. Олардың көпшілігінің бүгінгі тағдыры не болып жатқаны белгісіз. Ал Конвенция қабылданар болса, мемлекет сыртқа кеткен балаларға қорған бола ала ма? Өйткені  АҚШ-қа ол Конвенция жүрмейді. АҚШ-тың сыртқы істер министрлігі Конвенцияға қол қойғанмен, ол ратификацияланбаған.

         -  Не себепті?

         - Себебі, АҚШ Сенаты ратификациялау туралы заңды қабылдамай тастаған. Ресей де солай. Тағы да басқа ірі-ірі мемлекеттер бұл құжатты мойындамай отыр. Сол себептен Қазақстан бүгінге дейін кеткен 6014 баланың өміріне араласа алмайды. Асырап алушылар мен біздің органдар арасындағы келісімшарттар заңдық нормалар шеңберінде жасалған. Біздің мемлекеттік орган тек бала саудасына байланысты өтініш берген ұйымдар мен агенттіктерді тіркеумен ғана айналысады. Конвенцияға батыс елдері шетелден бала әкелу үшін ғана қол қойып отыр. Мысалы, Ирландия заң жүзінде шетелдіктерге бала береді, бірақ еліне барсаң, алып кететін бір бала таппайсың. Израиль де солай. Тіпті халық саны көп, адам басы құнсыз дейтін Қытай да шет елге бала бермейді. Ал біз мемлекеттің ең басты қазынасы - халық дейміз де, демографиялық қор болып табылатын жас сәбилерді шетелдіктерге оп-оңай таратып жатырмыз. Небәрі 15 млн. халқы бар Қазақстан шетелдіктерге бала беруде 1,5 млрд. халқы бар Қытайдың алдына шығып отыр. Қазақстан шет елге бала беру жағынан әлемде үшінші орын алады. Бұл тоналғандық емей немене? Шет елге мұнай шығарудан төртінші орын аламыз да, бала беруде үшінші орын алып отырмыз. Бүгінде ел халқының 4,5 миллионын балалар құрайды. Республикамыздағы жетім балаларға арналған 44 балалар үйі мен 22 мектеп интернатта 8987 бала тәрбиеленуде. Тастанды бөбектердің күн санап көбейгеніне бойымыз да, ойымыз да үйреніп алды. Ал әлеуметтік жетімдік - жаңа құбылыс емес: олардың ата-аналары бас бостандығынан айырылған, ішімдікті өте көп қолданатын, бейберекет өмір сүретін жандардың, ата-ана құқығынан айырылғандардың балалары.

       Ата-ананың қамқорынсыз қалған жетім балалардың 20 пайызы тұл жетімдер, ал 80 пайызы тірі әке-шешесі бола тұра, жетімдер қатарына жатады. Статистикалық мәліметтер мен зерделеудің қорытындысы жетімдік Алматы қаласында да кеңінен жайылып бара жатқандығын көрсетті, сондықтан да тез арада шара қолдану қажет деп есептеймін. Жетім балаларға көмек көрсетуде қаладағы жағдай басқа шетелдер мен Ресейдегі жағдайдан әлдеқайда алыста қалған. Сондықтан, жетім балалардың проблемаларын шешу жұмыстарын жандандыру қажет. Осы проблемалар мен жетіспеушіліктерді шешуге қоғам атсалысса, көмек берсе, дұрыс болар еді. Жалпы жетім балалар проблемасы Алматы қаласында да, Республика бойынша да маңызды проблемалардың бірі болып отыр.

       Біз қамқорлыққа зәру балалар мен шетелдік ата-аналар асырап алған балалардың жағдайын реттейтін заңдық базаны зерделеп, жетім балаларға көмек көрсету мен әлеуметтік жетімдік проблемаларына сарапшылардың көзқарасы туралы ақпаратты жинақтап, бағалау бағытында жұмыстар атқару керек деп санадық.

       Оның мақсаты жетім балаларға көмек көрсету проблемалары туралы арнайы топтардың пікірін сараптау болып табылады. Яғни, арнайы топтардың пікірі негізінде жетім балаларға көмек көрсету проблемасын саралау, қоғамдық қор деңгейінде жетім балаларға көмек көрсету жолдары туралы ақпаратты сұрыптау, қамқорлыққа зәру балалар мен шетелдіктер асырап алған балалардың жағдайын реттейтін заңдық базаны зерделеу керек деп санап, арнай осы мәселелерге байланысты қыркүйек-қараша айлары аралығында  сауалнама жүргіздік.

       - Бұл сауалнама нәтижесі нені көрсетті? Қандай қорытындыға келдіңіздер?

          - Өткізілген зерттеу нәтижесінде мына жайттар анықталды, сұралушылар қамқорлыққа зәру балалар мен шетелдіктер асырап алған балалардың жағдайы мен жалпы балалар үйінде тұратын балалар мәселесі маңызды проблема және шешім қабылдауды қажет етеді деп санайды. Пікір білдірушілер жетім балаларға деген адал көңілін білдіргенмен, олардың басым бөлігі (90%) бұл балаларға мемлекет қамқор болуы қажет деп есептегендіктен, сұралғандардың дені олардың мәселесін шешуге қатыспайтынын айтады. Сауалнамаға қатысушы әрбір он адамның сегізі жетім балаларды өз отбасында тәрбиелеу мүмкіндігін қарастырмаған. Бүгінгі күні жетім балаларға көмек көрсетіп отырған және олардың өміріне айтарлықтай өзгертулер енгізе алатын  адамдар сұралғандардың 6% құрайды. Сауалнамаға қатысушылардың 6% аз уақытқа өз үйіне қабылдауға келісетіні жайлы айтты. Тәлімгер және патронатты тәрбиелеуші бола аламыз дегендер 12% пайыз. Сауалнамаға қатысушылар жетім балаларға жеке көмек көрсетудің негізгі кедергісі  қаражат пен уақыт дейді. Қоғамдағы жетім балалар жайлы қалыптасқан теріс көзқарасты сейілту үшін заңдық базаны жетілдіру, стратегия жасау, патронаттық отбасыларға балаларды қабылдаудың оң тәжірибесін таратуға бағытталған күш жұмсау қажет. Бұл мәселе бойынша бұқаралық ақпарат құралдары негізгі мәлімет беруші болғандықтан, қоғамға әсер етудің мықты үлгілерін көрсетіп, әсіресе  балаларға көмек көрсетуші адамдардың оң тәжірибесін насихаттау қажет.

       -  Жоба нәтижесінде қандай жұмыстар атқарылып, өз шешімін табу керек деп санайсыз?

      - Елдегі жетім балалар үйлері мемлекеттік тілде тәрбие беруі қажеттігі міндеттелуі тиіс деп ойлаймын. «Жетім балалар туралы» заң жетім балалар құқын қорғай отырып, Қазақстанда жетімдер үйлерінің санын көбейтуге емес, отбасы және неке құндылықтары институтын нығайтуға жұмыс істеуі тиіс. Бүгінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 46 мың. Олардың 16 мыңдайы балалар үйінде тәрбиеленуде. 28 мыңнан астамы туыстарының немесе асырап алған ата-аналар қамқорлығына берілген. Биыл Қазақстан азаматтары тарапына 1700, шетелдік азаматтар тарапына  700 бала қамқорлыққа  берілді. Балаларды қамқорлыққа алушылардың көбісі зейнеткерлер болғандықтан, олардың балаға толыққанды күтім көрсетіп, білім беруіне шамалары жете бермейді. Оған қоса, қазіргі  экономикалық дағдарыс уақыты да  қамқоршылар жағдайын қиындата түскендей. Сондықтан  қазір дәл осы топты  қолдау қажет. «Неке және отбасы» заңы бойынша, қамқорлыққа алынған бала үшін қаржылай көмек көрсету қарастырылған. Бірақ өкініштісі, оның мөлшері мен тәртібі анық белгіленбеуінен, көптеген жергілікті атқарушы билік өкілдері бір реттік көмек көрсетумен ғана шектеліп отыр. Сондықтан да, осы мәселеге дәл қазіргі уақытта аса маңызды іс ретінде қарап, жетім балалардың мүдделері мен құқықтарын қорғауда маңызды мемлекеттік міндет пен әлеуметтік борыштарын өтеп отырған қамқоршылар мен қорғаншыларды қолдауға бар күшімізді жұмсауымыз қажет. Бала бойында ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын қағидаларының басымдығына сүйеніп, баланың ҚР-ның Конститутциясында кепілдік берілген негізгі құқықтары мен мүдделерін іске асыруға байланысты туындайтын қатынастары заңмен реттеу керек. Балаларға  толымды тәрбие беруді, құқықтарын қорғауды мемлекет және қоғам, баланы асыраушылар өз мойнына алуы тиіс.

       Ең алдымен осы жерде жалпы балалардың негізгі құқықтарына тоқтала кетсем, біріншіден, сәбидің денсаулық сақтауға құқығы бар. Білікті медициналық көмек алуға, өскелең ұрпақтың дені сау болып өсу үшін мемлекет тарапынан  жағдай жасалуы қажет. Екіншіден, әрбір баланың өмір сүруге, жеке басының бостандығына, қадір-қасиетіне және жеке өміріне қол сұғылмауға құқығы бар екенін ұмытпауымыз қажет. Үшіншіден, әрбір бала, мейлі ол жетім болсын, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған болса да, баланың тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын жайды пайдалануға өз құқығы бар. Бірақ бұл заң жүзінде ғана болмаса, мұндай нормалардың әсіресе, жетім қорғансыз балаларға қолданылмай жатқаны баршамызға белгілі. Жетімдер үйінен тәрбиеленіп шыққан бала әрі қарай қайда барады? Бұл қатал дүниеде, қоғамда өз орнын қалай табады? Әке ақылымен сусындамаған, ананың ыстық алақанын сезінбеген  бала да жалпы адамзат баласына, қоғамға деген реніш пайда болып, қатігез тұлға қалыптасуы мүмкін. 18 жасқа толған бойжеткен не бозбала өмірдің ағымына ілесе алмай, қайда барса да кедергілер мен келіспеушіліктер алдынан шығып, оған төзе алмай қылмысқа барады. Заң нормаларын бұзған адам жазаға тартылады. Айтып отырған проблемалардың болмауы үшін мемлекет, қоғам тарапынан назар аударылып, заңдық базаны барынша жетілдіріп, жетім балалардың мүдделерін қорғауымыз баршамыздың адамзаттық парызымыз деп түсінуіміз керек. Алдымен осы жетімдер проблемаларына қатысты арнайы көпжылдық, тұрақты әрі  мүдделерін көздейтін бағдарлама әзірлеп, сол бойынша нақты әлеуметтік проблемаларды шешуіміз қажет. Еліміздегі  жыл сайын ата-анасының  қарауынсыз қалған  балалар  саны  10 мыңға жетеді. Бұл қазір ең өзекті мәселе. Заңда шет елдік ата-аналар қамқорлығына берілген балаларға консулдық мекемелер арқылы бақылау жүргізу қарастырылған. Дегенмен мұның бәрі толық деңгейде  атқарылып жатыр деп айта алмаймын. Қоғамда осы мәселеге қатысты сұрақтар туындаған соң, ол балалардың тәрбиесі, жағдайы қалай болып жатқанын бақылауға алуымыз керек. Шетел асып кетіп жатқан балаларымыздың жағдайын бақылап тұратын арнайы комиссия құрылып, оларды жіті бақылап отыру қажет. Шетелдік ата-аналар қамқорлығындағы балалардың жағдайын көрсететін суреттер жіберіп тұру немесе баланың өзі жылына бір рет келіп тұруын қарастырғаны дұрыс деп санаймын.

Соңғы жаңалықтар