Бүгінгі ең маңызды мәселе – ХХІ ғасырдағы жаһандық трансформация қиындықтарынан лайықты өту-Н. Назарбаев

Нұрсұлтан Назарбаев сөз басында Тәуелсіздік алғанына 20 жыл толған Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысын ұдайы берік ұстанумен келе жатқанын қадап айтып өтті. Елбасымыз еліміздің әлемдік қоғамдастық үшін аса маңызды екі ірі істі бастап бергенін еске салды. Оның біріншісі - Қазақстанның Семей ядролық полигонын жауып, ядролық қарусыз әлемге адамзат тарихында алғаш қадам басқандығы. «Бұл менің елімнің жаһандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан ұлы үлесі», - деді Мемлекет басшысы.
«Екіншіден - біз мен осыдан он тоғыз жыл бұрын ұсынған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыруға қол жеткіздік, Бүгінде оның жұмысына жер шары халқының тең жартысын қамтитын 29 ел қатысады», - деді Н. Назарбаев.
«Өткен жылы Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасады. Біз Ұйым қызметінің барлық өлшемдеріне серпін бердік. Он бір жылғы үзілістен соң алғаш рет ЕҚЫҰ-ның Саммиті Астанада өтті. Астана декларациясының қабылдануы Еуро-Атлантика және Еуразия кеңістігіндегі ортақ және бөлінбейтін қауіпсіздік қоғамдастығын қалыптастыру мақсатында ЕҚЫҰ-ның нығаюына ықпал етті. Қазақстан ЕҚЫҰ мен АӨСШК-нің келешектегі әлеуетін біріктіре отырып, Еуразиялық қауіпсіздіктің бірыңғай платформасын құруды ұсынды», - деді Елбасы.
Биылғы жылы Қазақстан Ислам Ынтымақтастық Ұйымына төрағалықтың жауапты миссиясын қабылдағанны айтқан Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалығындағы күш-жігерін халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту, ислам әлемі мен Батыстың арасындағы үнқатысуды алға жылжыту, исламофобияға қарсы тұру, жаппай қырып-жою қаруын таратпау режімін күшейту бағыттарына жұмылдырып жатқанын айтып өтті. Қазақстан төраға ел ретінде ИЫҰ-ны Сомалидегі гуманитарлық дағдарысқа орай азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізу, елді экономикалық тұрғыдан демеу үшін 350 миллион доллар қаржы жинауға жұмылдырғанын еске салды.
«Үшіншіден, біздің қоғамда 140-тан астам этностар мен 40 конфессия бейбітшілік пен келісімде өмір сүруде. Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының съезі тұрақты өтіп келеді. Біз бұл форумды БҰҰ-ның аясында өткізуді ұсындық. Бұл - планетадағы сенімді нығайту жөніндегі жаһандық диалогқа қосқан біздің үлесіміз», - деді Н. Назарбаев.
Елбасы төртіншіден, біздің еліміз БҰҰ-ның мыңжылдықтар дамуы мақсатын ұстанатынын атап көрсетті. «КСРО тарағалы бері біз реформалардың қарқыны мен экономикалық дамудың серпінділігі жөнінен алдыңғы позицияларға шыға алдық. Екі он жылдықтың ішінде жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 14 есе өсіп, 700 доллардан 10 мың долларға жетті», - деді Қазақстан Президенті.
«Бесіншіден, Қазақстан жаһандық энергиялық-экологиялық стратегияны қабылдауды ұсынды және «Жасыл көпір» атты ауқымды экологиялық бастама көтерді. Біз осы идеяларды келесі жылы Рио-де-Жанейродан өтетін Мыңжылдық саммитіне шығаруды жоспарлап отырмыз», - деді Елбасы.
Қазақстан Президенті өз сөзінде әлем тарихтың ең бір сындарлы дәуіріне кіріп бара жатқанына айрықша тоқталды «Адамзат энергияның қуатты көздерін бағындырды, алайда табиғи стихиялар тегеуірінің алдында дәрменсіз. Кедейшілік пен жоқшылық тіпті ең бай және дәулетті елдерде де көрініс тауып жатыр. Этносаралық және дінаралық төзгісіздік ұшқындарын тіпті толеранттылық дәстүрлері берік деген елдердің өзінде тежеп тұру қиындап барады. Жаппай ақпараттанған әлемде электронды эксиремизмнен қорғанудың сенімді құралы жоқ. Он жыл бұрын бүкіл әлемді «11 қыркүйектің» жантүршігерлік трагедиясы біріктірді. Алайда одан нақты қорытынды жасалған жоқ, халықаралық терроризмнің рецидивтері әлемнің әртүрлі нүктелерінде өзін білдіртіп жатыр», - деді Елбасы.
Қазақстан басшысы бұлар жаңа жүзжылдықтың басты проблемалары екенін айта келе, саяси пікірталасқа қатысушылардың назарын төмендегідей аспектілерге аудартты.
«Біріншіден, бұл жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселесі. Біз жалпыға бірдей ядросыз әлем декларациясын әзірлей бастауды ұсынамыз. 2012 жылы Сеулде өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке зор үміт артамыз. Барлық елдердің таратпау саласындағы міндеттемелерін орындау үшін БҰҰ мен МАГАТЭ-нің құқықтық базасын кеңейтіп, халықаралық бақылауын арттыру қажет. Біз АҚШ пен Ресей арасындағы олардың ядролық арсеналын кезең-кезеңмен қысқарту туралы келісімді құптаймыз. Бұл процеске «ядролық клубтың» барлық мемлекеттірінің қосылғандығын маңызды деп есептейміз. Бүгінде әлемде парадоксальді жағдай қалыптасқан: біреулерге ядролық қаруға ие болуға және оны жетілдіруге рұқсат етілген, ал басқаларына - тіпті оны әзірлеуге қатаң тыйым салынған. Бұл әділетсіздік, пропорциональді емес, арамдық. Халықаралық құқықтың мұндай ережелері қайта қаралуы тиіс», - деді Н. Назарбаев. Осы орайда Президент барлық мемлекеттердің, ең алдымен ядролық қаруы бар мемлекеттердің ядролық қаруды қысқарту және біртіндеп оның арсеналын жою жөніндегі жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап көрсетті. «Бүгінгі таңда ядролық қаруға ие державалар тарапынан ядролық қарусыз мемлекеттерге нақты заңды кепілдіктер жоқ. Бұл маңызды өлшем тұрғысынан қарағанда, Таратпау туралы шарт жұмыс істемейді. Қазіргі кезеңде ядролық қару жанталаса қаруланудың тежеуші факторына емес, қайта қозғаушы күшіне айналып отыр», - деді Елбасы. Осы орайда Президент ядролық мемлекеттерді іс жүзінде өздерінің амбицияларынан бас тартуды және тегіс қамти алатын шартқа қосылуға шақыратын әлемдік қоғамдастықтың ұжымдық үндеуін қабылдауды ұсынды.
«Екінші. Экономикалық үдерістердің жаһандану деңгейінің өсуі БҰҰ-ның экономикалық қызметін құраушы парадигманың ауысу қажеттігін талап етеді. Әлемдік құрылымның валюталық және сауда-экономикалық реттеу саласындағы жұмысының басты мазмұны әлемдік дағдарысты болжау және оның себептерін жою болуы тиіс. Ағымдағы жаһандық дағдарысқа әлемдік қаржы жүйесінің кемшілігі алып келгендігімен бүгінде барлығы келіседі. Алайда оның ақаулығын жою бойынша ешқандай да айтарлықтай шаралар қабылданбады. Бұл мәселедегі баяулық дағдарыстың жаңа қуатты қысымына соқтырып, өңірлік және жаһандық тұрақсыздыққа ұрындырады», - деді Президент.
Осы орайда Президент барлық құрылымдар мен қатысушылардың нақты құқықтары мен жауапкершілік нормалары көрсетілген, тиімді әлемдік резервтік валютасы бар, алыпсатарлық капиталға қатаң бақылау орнатылған жаһандық экономикалық басқарудың тиімді тетіктерін құру маңызды екенін атап көрсетті. Осы тұрғыдан келгенде, Жаһандық реттеу туралы пакт жасау идеясы көкейкесті болып табылады. Келесі маңызды мәселе - жаһандық аштық пен өсе түсіп отырған су тапшылығының алдын алу.
«Үшінші. Ақпараттық кеңістік - бұл адамзат болашағы үшін жер байлығы, әуе және су әлемі, ғарыш сияқты маңызды сала. Бірақ бүгін ақпараттық үдерістерді реттеп отыратын бірде-бір халықаралық конвенция, бірде-бір көпжақты келісім жоқ. Банктерге, компанияларға, мемлекеттік мекемелерге, әскери және тіпті ядролық нысандарға көптеген хакерлік шабуылдардың іс жүзінде жазасыз қалатындығы осымен түсіндірілмей ме? Жаһандық-ақпараттық кеңістіктің халықаралық құқықтық базасын қалыптастыруды маңызды санаймын. Бұған 2002 жылы қабылданған БҰҰ Бас Ассамблеясының киберқауіпсіздіктің жаһандық мәдениетінің 9 элементі туралы қарары негіз болады», - Қазақстан басшысы.
Елбасының айтуынша, төртіншіден жаңа әлемдік тәртіптің «пісіп-жетілуі» жанжалдардың өсуімен қоса жүреді. Бүгінде әлемде қаруланудың жиынтық шығыны «қырғи-қабақ соғыс» жылдарындағыдан екі есе жылдам - жылына 6 пайызға өсіп отыр. Олар бүгінде 1,5 триллион долларға жетті. «Осы ретте менің осыдан 19 жыл бұрын алғаш жылжытқан БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігері қорын құру туралы ұсынысым бұрынғыдан да көкейкестірек бола түседі. Бұл жерде әңгіме БҰҰ-ға мүше әр мемлекеттің әскери бюджетінің 1 пайызын аударуы туралы болып отыр. Әлемдік қоғамдастықты осы идеяға оралып, қажетті шара қабылдауға шақырамын. 66 жыл бұрын БҰҰ «оның барлық мүшелерінің егемендік теңдік қағидатына» негізделген ұйым ретінде құрылды. Алайда, бүгінде ұлттық егемендік пен аумақтық тұтастық қағидаты көп жағдайда эрозияға ұшырайтынын көрмеу мүмкін емес. Бұл ұлттар арасындағы сенімге селкеу түсіруі мүмкін», - деді Н. Назарбаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, бүгінде жаңа өмір шындығын есепке ала отырып, ішкі жанжалдарды реттеуге әлемдік қоғамдастықтың қатысуы заңды болып табылатын шектерді нақты айқындап, мемлекеттердің ұлттық егемендігіне қатысты халықаралық құқықтың нормаларын жетілдіру қажет. Егер БҰҰ қауіпсіздіктің өңірлік құрылымдарымен тығызырақ іс-қимыл танытатын болса, онда Жердегі бейбітшілік тек беки түседі. «Еуразия өңіріне қатысты айтатын болсам, бұлар - АӨСШК, ШЫҰ, ҰҚШҰ. Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы мен қызметінде қазіргі әлемнің құрылымын тепе-тең көрсету маңызды. Осымен бір мезгілде, вето тетігі қабылданатын шешімдер дұрыстығы мен тиімділігінің кепілі болып қалады. Қазақстан өзінің кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-18 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне ілгерілетті. Біз әлемдік қоғамдастықтың қолдауынан үміттіміз», - деді Президент.
Назарбаев осы күндері бүкіл әлемнің аузында жүрген Палестина проблемасын да айналып өткен жоқ. «Қазақстан Палестина мемлекетінің құрылғандығын қолдайды. Тарих таразысындағы - қиын мәселе. Бұл жайлы АҚШ Президенті Барак Обама айтты. Алайда Палестина тәуелсіз мемлекет болмайынша Таяу Шығыстағы тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес», - деді Қазақстан басшысы.
«Тарих адамзаттың әрбір жаңа дәуірінің алдына кең ауқымды міндеттер қояды. Бүгінгі ең маңызды мәселе - ХХІ ғасырдағы жаһандық трансформация қиындықтарынан лайықты өту. Барлық ұлттардың арасындағы сенім мен бірлік - әлемнің әділдікпен жаңадан құрылуының негізі»,- деп түйіндеді сөзін Н. Назарбаев