Бүгінгі күні Алматының «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағында 114 компания тіркелген - А.Қожасбаев
АЛМАТЫ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағына қатысушылардан 2011 жылы ел бюджетіне 568 млрд. 338 млн. теңге көлемінде салық түсімі түсті.
Оны бүгін Алматыда өтіп жатқан ІІ Инновациялық конвент барысында аталмыш Парк директоры Аманжол Қожасбаев мәлімдеді.
«Қазіргі таңда арнайы экономикалық аумағында 114 компания тіркелген. «Ақпараттық технологиялар паркі» салық басқармасының мәліметіне қарағанда, қатысушылардан ел бюджетіне түсетін салық көлемі жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, 2009 жылы ол 230 млн. 258 мың теңгені, 2010 жылы 486 млн. 262 мың теңгені құрады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 568 млрд. 338 млн. теңгеге жетті. Оның 398 млрд. 330 млн. теңгесі республикалық, ал 170 млрд. 8 млн.-ны жергілікті бюджетті толықтырды»,-деді А. Қожасбаев.
Оның айтуынша, 2011 жылы «Ақпараттық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағына отандық бірқатар ірі жоғары оқу орындары мен компаниялар кірді. Оның ішінде КБТК, МУИТ университеттері. Сондай-ақ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ және «Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ мен «Самұрық Энерго» АҚ компаниясының еншілес ұйымдары бар.