Бүгінгі күні қазақстандық интернет пайдаланушылар арасында негізінен ресейлік ресурстар кең қолданылуда - Ерлан Қарин

АЛМАТЫ. 19 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ -Қазақстанның әлеуметтік желілері пайдаланушыларының 80 пайыздан астамы орыс тілінде қарым-қатынас жасайды.

Бүгінгі күні қазақстандық интернет пайдаланушылар арасында негізінен ресейлік ресурстар кең қолданылуда - Ерлан Қарин

Оны «Нұр Отан» ХДП-ның хатшысы Ерлан Қарин бүгін Алматыда өтіп жатқан қазақ блогерлерінің тұңғыш құрылтайында «Қазақ блогының даму ерекшеліктері» туралы баяндамасында айтты.

«Қазақстандық интернет пайдаланушылар арасында «ВКонтакте» және «Мой мир» ресурстары кең түрде пайдананылады. Оның негізгі 2 себебі бар. Біріншісі - қазақстандық ақпараттық кеңістіктің әлі де ресейлік ресурстарға бағытталуы. Екіншісі - бұл ресурстардың ойын-сауық қосымшалары интернет пайдаланушылар үшін қазнет желілеріне қарағанда неғұрлым тартымды болып табылуы», -дейді «Нұр Отан»ХДП хатшысы Ерлан Қарин. Саясаттанушының айтуынша, «Мой мир» желісінде 3 миллионнан астам қазақстандық пайдаланушылардың аккаунттары тіркелген. Бұл интернет пайдаланушылардың шамамен 70 пайызын құрайды. «ВКонтакте» ресурсында бұл 35 пайызды (1,5 миллион адам), «Facebook» желісінде 6,3 пайызды ( 270 мың адам) құрап отыр.

Ерлан Тынымбайұлының сөзіне қарағанда, «ВКонтакте» желісінде жалпы қазақстандықтардың 8,86 пайызы тіркелген. Бұл өзге Орталық Азиядағы Қырғызстан (2,1 %), Тәжікстан (0,96 %), Түркіменстан ( 0,98 % ) мен Өзбекстандағы ( 0,88 %) тіркелгендердің жалпы үлесінен (4,92 %) 2 есеге дейін артық болып отыр. «Facebook» желісінде де қазақстандықтар 1,62 пайыз болса, Орталық Азиядағы өзге 4 елдің үлесі 1,42 пайызды құрауда.