Бүгінгі медицина «пышақсыз операциядан» «роботталған хирургияға» дейін ұласып отыр - Серік Тоқпанов

ҚР Президенті іс басқармасының медициналық орталығы бас дәрігерінің орынбасары Серік Тоқпановты әңгімеге тарттық.
- Кішкентай кезімде қарындасым дифтерия, жұқпалы тамақ ауруына шалдығып, көз жұмды. Ол кезде бұл ауруға қарсы дәрі-дәрмектер де жоқ еді. Осы қайғылы оқиғадан кейін мен дәрігер мамандығын игерем деп шештім. Біздің ауылымыз тың өлкесіне қарайтын. Жас кезімде спортпен де шұғылдандым, ән де айтатынмын. Сол жылдары Ленинград дене шынықтыру институтынан, Тбилиси дене шынықтыру институтынан мұғалімдер көптеп келді. Солардың көзіне түскен болуым керек, оқуға шақырды. Ленинград консерваториясынан да келіп, Көкшетауда тыңдау жасағасын мені оқуға шақырды. Бірақ мен дәрігер болғым келетіндігін айттым. Дәрігерлік институттарда да ән айтып, күресуге болады ғой деп, Қарағанды медицина институтына оқуға түстім. Сол жерде ән де айттым, спортпен де шұғылдандым. Ән айтуды 10 жасымнан бастағам. Әбден дене үйреніп қалған, сахнадан сескенбеймін. Ал қазір соңғы жылдары жеке концерттермен шұғылданып жүрмін. Бүгін сол шығармашылық кештерімнің бірі өтеді. Елордамыздың Конгресс-Холл сарайында «Өткен жылдардың ұмытылмас әндері» атты циклінен жеке концерт қоямын. Негізінен Кеңес заманы композиторларының ностальгиялық 25-ке жуық әндері орындалады. Концерт оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыспен өтеді.
- Ал енді негізгі тақырыбымызға оралсақ. Қазіргі таңда «қансыз» операция кеңінен тарап келеді. Оның ерекшелігі неде?
- Алғаш рет 1987 жылы Францияның Лион қаласында «қансыз» операция жасалып, науқастың өтінен тас алынды. Операция 4 сағатқа созылды. Бұл тәсіл медициналық тілде «лапароскопия» деп аталады. Француздар тіпті мұны «екінші француз революциясы» деп атапты. Ал Қазақстанда бұл тәсілді алғаш рет Ақтөбе қаласында Владимир Котлобовский қолданып, баланың соқыр ішегін алды. Енді міне елімізде 90-шы жылдардан бері лапароскопия кеңінен пайдаланылып келеді. Операция барысында ішке жел жіберіледі, іш қампиып, құрсақ қабырғасы мен операция жасалып жатқан дене мүшесінің арасында кеңістік пайда болады. Бұл диаметрі 10 миллиметр болатын 16 есе оптикалық үлкейту болып табылады. Ал саймандардың диаметрі кәдімгі қаламсаптың жуандығынан аспайды, 5-ақ миллиметр. Операция небәрі 2-3 тесік арқылы жасалады. Барлық хирургиялық іс-әрекетіміз экраннан көрінеді және таспаға жазылады. Осы таспа кейіннен науқастың жеке парағына қосылады. Бұл тәсілмен түрлі дене мүшесіне операция жасауға болады. Ол соқыр ішекті, бүйректегі тасты алып тастау болсын, әйелдердің қазір жиі кездесетін аурулары - бұлшық еттің ісігі (миома), жылауық (киста) болсын. Айта кететін жайт, лапароскопиядан кейін адам көбінесе 2-3 күнде ауруханадан шығып жатады. Қара жұмыс істесе, 2 аптадан кейін өз шаруасына кірісе береді. Ал кәдімгі пышақтың жүзімен жасалатын операциядан кейін адам өз-өзіне келгенімен, апталап жатып, қалыпты күйіне кем дегенде жарты жылдан кейін ғана келеді. Міне бұл тәсілдің тағы бір артықшылығы осында. Қазір бұл аппарат республикамыздың әрбір қаласында бар. Сұраныс та артып келеді.
- Аталмыш операциялардың Қазақстанда жасалғандарының ішінен ең ауырын атап бере аласыз ба?
- Негізінен лапараскопиялық әдіспен бүйрек бездеріне көп жерде операция жасала бермейді. Мұндай операцияларды жасайтын хирургтар Мәскеуде, Санкт-Петерборда ғана бар, дегенмен олардың өзі бұл ауруды емдеуді сирек қолға алады. Қазақстанда болса, бүйрек үсті безін лапароскопиялық алып тастау енгізіліп, ондай операция 7-8 науқасқа жасалды. Бұл операция адреналэктомия деп аталады. Сонымен бірге, біз Қазақстанда алғашқылардың бірі болып спленоктамия жасай бастадық. Бұл көкбауыр, қан ауруларын лапароскопиялық емдеу. Біздің ауруханада хирургия бөлімінің ашылғанына 1 жылдан астам уақыт болды. Операцияны арнайы бізге келіп жасайтындар да бар. Алматыда, басқа да қалаларда қонбаған емін осы жерде алуға тырысады. Өйткені бізде медициналық-техникалық аппараттар уақыты келген сайын жаңартылып отырады. Соңғы техникалардың бірін алуға тырысамыз.
- Ал «роботталған хирургия» туралы не айтар едіңіз? Бұл операцияны жасайтын аппарат елімізге қашан әкелінеді деп жоспарлануда?
- Бұл қазіргі заманғы лапароскопия техникаларының жетілдірілген түрі. Роботталған хирургияның да мәні мен ерекшелігі зор. Операцияны көрші екі бөлмеде, екі қалада отырып жасауға болады. Тіпті ғарышкерлердің өзіне қолдану мүмкіндігі бар. Роботталған хирургия арнайы аппаратура. Ол хирургтің қолының, саусағының, білегінің қозғалысын бұлжытпай орындайды. Егер лапароскопиямен бірнеше есе үлкейтілген экран арқылы операция жасасақ, аталмыш техниканың ерекшелігі сол -науқастың ішінде, ауру мүшенің жанында тұрған сияқты боласың. Аппараттың арнайы жалғанатын аспаптары арқылы сіз операция жасай бересіз. Ал робот оны бұлжытпай қайталайды. Қазірдің өзінде Чехияда мұндай аппараттың 8-і, Италияда 38-і бар. Яғни, шетелде кеңінен тараған деген сөз. Қазақстанда елордамыздың сол жағалауында үлкен жаңа аурухана салынып жатыр. Бұл ғимарат келер жылдың соңында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сол жерге осы аппаратты сатып алу жоспарланып отыр. Бағасы шамамен 3 миллион еуроны құрайды. Еліміздің мемлекеттік қызметкерлерін, қоғам қайраткерлері мен халық қалаулыларын емдейтін аурухана болғандықтан, біз өз деңгейімізге сай болуымыз керек. Сондықтан, әлемде болып жатқан барлық соңғы техникалық жаңалықтардан қалмауға тырысамыз.