20:02, 19 Қаңтар 2009 | GMT +5
Бүгінгі жағдайды пайдалана отырып, еліміздегі жер қатынастары саласындағы саясатты реттеп алу қажет ? К.Мәсімов
АСТАНА. Қаңтардың 19-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің 2008 жылдың қорытындысына арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов аталмыш ведомство мен Әділет министрлігіне жер кадастры мен жеке мүліктің автоматтандырылған жүйесін құруды тапсырды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінгі таңда еліміздегі құрылыс пен банк проблемаларымен қатар жер саласындағы келеңсіз жағдайлар негізгі мәселе ретінде қарастырылуда. Жердің қымбат болуына байланысты көптеген азаматтар банктерден несие алып, жерді сатып алған. Бірақ бүгінгі дағдарысқа тап болып, қазіргі кезде ол жерді сата алмай, қарызға белшесінен батып отыр. Бұндай әрекеттер осы саладағы реттеу саясатының жоқтығын көрсетсе керек. Осыған орай мен Жер ресурстарын басқару агенттігі және Әділет министрлігіне жер кадастры мен жеке мүліктің автоматтандырылған жүйесін құруды тапсырамын. Осы жұмысты бітіргеннен кейін, біз жер кадастры мен жеке мүліктің ортақ салығын енгізетін боламыз. Сондықтан агенттіктің 2009 жылдағы басты міндеті - жер ресурстарын басқару саласындағы ақпараттық жүйені электрондық үкіметпен біріктіру. Біз бүгінгі жағдайды пайдалана отырып, еліміздегі жер қатынастары саласындағы саясатты реттеп алуымыз қажет Себебі дағдарыстан кейін жерге деген сұраныс қайтадан көтеріледі. Оған дейін біздің осы саладағы нақты саясатымыз болуы шарт», - деді К.Мәсімов.