Бүгін 14 облыста аптап ыстық болады — Қазгидромет

АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» болжамына сәйкес, бүгін ел аумағында ауа райы тұрақсыз болады.

ауа райы
Фото: Pexels

Республиканың басым бөлігінде найзағай болып, жаңбыр, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін. 

Еліміздің солтүстік-батысында, шығысында, орталығында да нөсерлетеді. Қазақстан аумағының басым бөлігінде жел күшейіп, солтүстік-батыста, солтүстікте, шығыста — дауыл болады деп болжанған.

Түнде және таңертең республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында, оңтүстік-батысында, шығысында тұман болуы мүмкін.

Күндіз Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстарында, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының оңтүстігінде қатты ыстық болып, ауа температурасы 35-37 градусты көрсетеді.

Маңғыстау облысында да қатты ыстық болып, 38-41 градусқа жетеді.

Түркістан, Қызылорда облыстарында термометр 40-41 градусты көрсетіп, аптап ыстық сақталады.

Күндіз Атырау облысының оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының оңтүстігінде 40 градус өте қатты ыстық болады.

Айта кетейік, елімізде ауа сапасы ластанған қалалар саны азаймай тұр.