Бүгін бес облыста үсік жүруі мүмкін - Қазгидромет
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК ел аумағында 13 сәуірде болатын қауіпті метеорологиялық құбылыстарға болжам жасады.

Деректерге қарағанда, атмосфералық фронталды бөліктер Қазақстанның солтүстігі, орталығы мен оңтүстігінде өз әсерін сақтайтын болады.
- Найзағай ойнап, жаңбыр жауады, күндіз елдің солтүстігі мен орталығында қатты жаңбыр жауады. Республиканың қалған аумағында жауын-шашынсыз ауа райы болжанады. ҚР бойынша желдің күшеюі, тұман, оңтүстігінде дауыл, шаңды дауыл, солтүстігі мен орталығында бұршақ күтіледі, - делінген ақпаратта.
Түнде Батыс Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде, Ақтөбе облысының солтүстігінде, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының батысында 3 градус үсік жүруі мүмкін.
Бұған дейін еліміздің 14 өңірі мен Астанада дауылды ескерту жарияланды.