Бүгін екі қалада ауа сапасы нашарлайды
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК еліміздегі ауа сапасына қатысты болжамын жариялады.
— 2025 жылдың 7 қарашасында Атырау және Алматы қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдай болжанған, — делінген ақпаратта.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар — атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды (ластаушы) заттардың шоғырлануына ықпал ететін қысқамерзімді метеофакторлардың (тымық ауа райы, жеңіл жел, тұман, инверсия) жиынтығы.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде елдімекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы ықтимал.
Айта кетейік, бүгін еліміздің біраз аймағында көктайғақ, боран болып, тұман түседі.