Бүгін еліміздің үш өңірінде орман өрті тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда 16 қыркүйекте мемлекеттік орман қоры аумағында үш орман өрті тіркелді. Өрттің бірі Қарағанды облысында, қалған екеуі «Семей орманы» және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резервтерінің аумағында болған. Қазір өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Экология министрлігі мәлім етті.
16 қыркүйекте еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында үш орман өрті тіркелді.
Өңірлер бойынша:
-
Қарағанды облысында — 1 өрт;
-
«Семей орманы» МОТР аумағында — 1 өрт;
-
«Ертіс орманы» МОТР аумағында — 1 өрт.
Өрт анықталған бойда мамандар оны сөндіруге кірісті. Жұмысқа мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері мен арнайы техника жұмылдырылды. Сонымен қатар «Қазавиаорманқорғау» РМҚК мамандары да тартылып, аумақты әуеден бақылап, жердегі өрт сөндіру жұмыстарына қажетті көмек көрсетуде.
Қазіргі таңда өрт ошақтарындағы жағдай тұрақты бақылауда. Өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұған дейін Баянауыл ұлттық паркіндегі орман өрті оқшауланғанын жаздық.