Бүгін елордалықтар әз Наурызды кең ауқымда мерекеледі

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Наурыз мейрамына арналған ауқымды іс-шаралар қаланың барлық негізгі алаңдарында жалғасып жатыр. Атап айтқанда, қала әкімдігі алдындағы алаңда, «Қазақ елі» монументі маңында, «Астана Арена» стадионының автотұрағында, «Ататүрік» паркінде, Astana Music Hall автотұрағында және EXPO аумағында мерекелік іс-шаралар өтіп жаты. Бұл туралы Астана қаласының әікмідігі мәлім етті.

Бүгін елордалықтар әз Наурызды кең ауқымда мерекеледі
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Негізгі алаңдарда ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдары ұсынылатын фуд-корттар мен жәрмеңкелер жұмыс істейді, шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, ұлттық салт-дәстүрлер көрсетілуде. Спорт әуесқойлары үшін қазақша күрес, садақ ату, гір спорты, қол күресі, асық ату бойынша жарыстар өткізіліп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады.

Дәстүрлі ойын-сауықтармен қатар, биыл елорда тұрғындары мен қонақтары алғаш рет роботтар мен жасанды интеллект элементтері бар ерекше интерактивті аймақтарды тамашалай алады. Қонақтар цифрлық іс-шараларға қатысып, инновациялардың ұлттық дәстүрлермен қалай үйлесетінін көре алады.

Бүгін елордалықтар әз Наурызды кең ауқымда мерекеледі
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Есіл ауданында тұрғындар мен қала қонақтары EXPO аумағында жиналуда. Мұнда ауқымды мерекелік бағдарлама өтіп жатыр.

Бұл жерде арнайы алты тақырыптағы киіз үй жұмыс істейді, олар заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып безендірілген. EXPO аумағы ұлттық этно-стильде шағын сәулеттік формалармен – тайқазан, аркалар, шаңырақ, қобыз бейнесіндегі шатырлар және қазақ мәдениетінің басқа да элементтерімен көркемделген.

EXPO халықаралық көрме орталығы аумағында орналасқан «Заң мен тәртіп» тақырыбындағы киіз үйі іс-шаралардың негізгі орталықтарының біріне айналды. Мұнда күн сайын ағартушылық, интерактивті және әлеуметтік бағыттағы шаралар өтеді. Бағдарлама құқықбұзушылықтың алдын алу, киберқауіпсіздік және салауатты өмір салтын насихаттау бағыттарын қамтиды.

Бүгін елордалықтар әз Наурызды кең ауқымда мерекеледі
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Келушілер үшін QR-код арқылы қолжетімді оқу материалдары бар кибергигиена бойынша тестілеу, киберқауіпсіздік пен нашақорлықтың алдын алу тақырыптарында дәрістер, қазақ және орыс тілдерінде Kahoot викториналары ұйымдастырылған. Сонымен қатар заманауи технологиялар көрсетіліп, робот-ит пен полиция дроны таныстырылды. 

Сондай-ақ, жүздеген қала тұрғынының қолымен жасалған «Ұлы Дала Аруы» арт-инсталляциясын көруге болады. Ол 3250 шаршыдан жасалып, Қазақстанның барлық өңірін білдіретін 17 күн шапағын құрайды. Әр элемент жеке шаңырақты бейнелейді.

Басты сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама өтті.

22 наурыз күні сағат 12:00-де концерттік бағдарлама Е-117 көшесі, №37 үй мекенжайындағы «Бағыстан» тұрғын үй кешенінің автотұрағында да басталды.

EXPO халықаралық көрме орталығында (Мәңгілік Ел даңғылы, 53/1) отандық өндірушілердің қатысуымен «Наурыз базары» азық-түлік жәрмеңкесі өтіп жатыр. Мұнда қазақстандық жетекші брендтер, оның ішінде «Алтын сапа» сыйлығының қатысушылары мен жеңімпаздары өз өнімдерін ұсынды.

Бүгін елордалықтар әз Наурызды кең ауқымда мерекеледі
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Орталық залда «Жеті қазына» экспозициясы, қызғалдақ көрмесі және Nauryz Kitap Fair кітап жәрмеңкесі ашылған.

Келушілер қазақша күрес, асық ату, садақ ату және арқан тарту секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстарға қатыса алады.

Балалар үшін шеберлік сағаттары, шығармашылық сабақтар мен ойын аймақтары бар арнайы арт-кеңістік ұйымдастырылған.

Нұра ауданында бұқаралық іс-шаралар «Астана Арена» стадионы маңында өтіп жатыр.

Мұнда Digital Nauryz тақырыбындағы алты киіз үй бар. Балалар мен ересектерге арналған аттракциондар мен ұлттық нақыштағы фотоаймақтар қарастырылған.

Жасанды интеллект көмегімен ұлттық киімдерді «киіп көру» мүмкіндігі ұсынылып, Face Space алаңында естелік суреттер жасауға болады. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнершілердің өнімдері ұсынылатын жәрмеңке аймақтары жұмыс істеп, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер өтіп жатыр.

22 наурыз күні бағдарлама сөйлеу мен интеллект дамуын анықтауға арналған диагностика және Наурыз тақырыбындағы интерактивті голограммамен толықтырылады.

Сол күні сағат 12:00-ден бастап «Жағалау» скверінде де осындай мерекелік бағдарлама өтіп жатыр, онда жәрмеңке, киіз үйлер, музыкалық бағдарлама және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Сарайшық ауданында «Қазақ елі» алаңында сағат 11:00-ден бастап концерттік бағдарлама өтіп жатыр. Мұнда қонақтар түйелі керуенді тамашалап, қазақ дәстүрімен танысып, фотосуретке түсіп, демалыс аймақтарында уақыт өткізе алады. Сондай-ақ гуманоид робот пен робот-ит көрсетілуде.

22 наурыз күні сағат 11:00-де «Қазақ елі» алаңында қошқар көтеру ұлттық ойынына қатысушыларды тіркеу жүргізілді.

Байқоңыр ауданында негізгі мерекелік орын – «Ататүрік» паркі. Мұнда «Digital-Наурыз» интерактивті аймағы жұмыс істейді. Қонақтар жасанды интеллект көмегімен ұлттық киімдегі цифрлық портрет жасап, оны QR-код арқылы жүктей алады. Келушілерді «Наурызай» және «Наурызбек» атты AI кейіпкерлері қарсы алып, мереке дәстүрлері мен бағдарлама туралы ақпарат береді.

Сондай-ақ «Берекелі асхана» және «Дәм мен дәстүр» этно-киіз үйлерінде ұлттық тағамдар ұсынылады.

22 наурыз күні сағат 12:00-де Байқоңыр ауданындағы Өндіріс тұрғын алабында (Ақбидай көшесі, 6) ашық аспан астында концерт өтті.

Алматы ауданында Astana Music Hall маңы, «Жерұйық» паркі және Теміржолшылар тұрғын алабындағы Маяковский сквері негізгі мерекелік орындарға айналған.

Мұнда Digital Nauryz цифрлық аватары бар киіз үй жұмыс істейді. Бұл виртуалды кейіпкер келушілердің Наурыз дәстүрлері туралы сұрақтарына жауап береді. Сондай-ақ келушілер виртуалды технологиялар арқылы ұлттық мерекенің атмосферасын сезіне алады.

Киіз үйлердің бірінде Face of Nauryz жобасы ұсынылған. Бұл жасанды интеллект көмегімен келушінің бейнесін ұлттық стильдегі көркем образға айналдырып, бірегей цифрлық суреттер жасайды.

Бүгін елордалықтар әз Наурызды кең ауқымда мерекеледі
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Сонымен қатар робот техникасы қолданылған интерактивті ойын аймағы бар, мұнда асық ату ойыны заманауи форматта ұсынылған.

22 наурыз күні сағат 11:00-де «Жерұйық» паркінде ауқымды мереке басталып, 12:00-де концерттік бағдарлама өтті.

Алаңның ерекшелігі – төрт тақырыптағы киіз үйден тұратын этномәдени аймақ. Әр киіз үйде ұлттық киімдер, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар мен мерекелік дастархан таныстырылады. Сағат 12:00-ден 14:00-ге дейін әр киіз үй алдында ұлттық рәсімдер көрсетіледі.

Сол күні Теміржолшылар тұрғын алабындағы Маяковский скверінде сағат 11:00-де мерекелік бағдарлама басталып, 12:00-де концерт өтті.

Сарыарқа ауданында да кең ауқымды мерекелік шаралар ұйымдастырылған. Мұнда VR-аймағы бар тақырыптық киіз үйлер орнатылған. Арнайы көзілдіріктің көмегімен қонақтар Қазақстан бойынша виртуалды саяхат жасап, ойындарға қатыса алады.

Киіз үйлердің іші робот техникасы мен жасанды интеллект тақырыбында безендірілген. Мұнда гуманоид роботтар, оның ішінде шапан киіп, би билейтін робот та бар.

Сондай-ақ фотобудкалар орнатылып, келушілер естелік суретке түсе алады.

Мереке аясында қазақша күрестен жарыстар өтуде, оған кез келген адам қатыса алады.
Осындай бағдарлама 22 наурыз күні сағат 10:00-де Қорғалжын скверінде және 11:00-де «Формула успеха» тұрғын үй кешені маңында да басталды.

Еске салайық, «Наурызнама» онкүндігі аясында Астанада 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар