Бүгін хоккейден әлем чемпионатының жартылай финалы өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Шайбалы хоккейден 2026 жылғы әлем чемпионаты элиталық дивизионында жартылай финалға шыққан барлық құрама белгілі болды.

Бүгін хоккейден әлем чемпионатында жартылай финал өтеді
Фото: iihf.com

Бұл кезеңдегі ойынның бірінде Норвегия мен Латвия құрамалары шеберлік байқасты. Кездесу қос қарсыластың тартысты ойынымен өрбіді. Бірінші кезеңде олар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Екінші және үшінші кезеңде норвегиялық хоккейшілер бір-бірден гол соғып кетті.

Осылайша олар қарсыласын 2:0 есебімен қапы қалдырып, жартылай финал жолдамасына қол жеткізді.

Тағы бір ойында Швейцария мен Швеция кездесті. Бірінші кезеңде қарсыластар бір-бір мәртеден көзге түссе, швейцариялық хоккейшілер екінші кезеңде екі мәрте қақпаны дәл көздеді.

Қарсыласынан 3:1 есебімен басым түскен швейцариялық құрама енді финал жолдамасын сарапқа салуға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ бұдан бұрын ширек финалда Канада құрамасы АҚШ-тан: 4:0, Финляндия құрамасы Чехиядан 4:1 есебімен басым түсті.

Енді бүгін, 29 мамырда жартылай финалда Канада мен Финляндия, Норвегия мен Латвия кездеседі.

Жартылай финал ойындары 30 мамырға белгіленген. Финал мен 3-орын үшін ойын 31 мамырда өткізіледі.

Биыл элиталық дивизионнан Италия мен Ұлыбритания құрамалары түсіп қалды. Олардың орнын бірінші дивизионда алғашқы екі орынға ие болған Қазақстан мен Украина құрамалары ие болды.

Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты 1920 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Канада — 28, Ресей (КСРО) — 27, Чехия (Чехословакия) — 13, Швеция — 11, Финляндия — 4, АҚШ — 3, Ұлыбритания мен Словакия 1 мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді.