Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

5 ел, 15 мың шақырым шекара, 101 өткізу бекеті: Ел территориясының шет-шегі қалай күзетіледі

АСТАНА. KAZINFORM - Шекара – картадағы сызық қана емес. Ол ел аумағының басталатын және аяқталатын жерін айқындап қана қоймай, мемлекеттің қауіпсіздігі, экономикалық мүддесі мен тыныштығы түйісетін кеңістік. Қазақстанның 13,4 мың шақырымнан асатын құрлық шекарасында осы шептің әр метрі бақылауда болса, өткізу пункттерінде күн сайын адамдардың, көліктер мен жүктердің заңды қозғалысы қамтамасыз етіледі.

шекара
Коллаж: Kazinform / ЖИ

5 мемлекет, 15 мың шақырым шекара, 101 өткізу бекеті

Қазақстанның мемлекеттік шекарасы Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанмен түйіседі. Құрлықтағы шекараның ұзындығы 13 402 шақырым, су шекарасы 1 730 шақырымға созылып жатыр. Ал елдің шекара периметрінде 101 өткізу пункті жұмыс істейді. Осындай ауқымды аумақтағы қауіпсіздік тек шекара шебін күзетумен шектелмейді: адамдар мен көліктерді өткізу, жүктерді бақылау, заңсыз көші-қон мен контрабандаға тосқауыл қою, Каспийдегі ресурстарды қорғау және шекарадағы оқиғаларды реттеу де осы жүйенің бөлігі.

Қазақстанның шекарасында бірнеше режим қатар қолданылады, яғни шекара қауіпсіздігі шекара сызығының өзінен басталып, оған жақын аумақты, өткізу пункттерін, теңіз кеңістігін және теңіз түбіндегі ресурстарды бақылауға дейін жалғасады.

Бірінші деңгей – мемлекеттік шекараның өзі. Мұнда шекараны кесіп өту, адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу тәртібі белгіленеді. Құрлықтағы шекара халықаралық автомобиль, теміржол және өзге де қатынас жолдарында белгіленген орындарда, әуе кеңістігінде арнайы әуе дәліздері арқылы, теңізде халықаралық теңіз қатынасы жолдарындағы теңіз дәліздері шегінде бақыланады.

Екінші деңгей – шекаралық аймақ. Үкімет белгілейтін бұл аумақта адамдардың кіруі, тұруы, жүріп-тұруы және түрлі іс-шаралар өткізуіне арнайы тәртіп қолданылады. Оның мақсаты – шекараны қорғауға қажетті жағдай жасау. Бұл режимді ҰҚК Шекара қызметі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп бақылайды.

Ашық дереккөздегі ресми мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта елдегі 17 облыстың 14-і Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан елдерімен шектеседі. Ал қызыл сызықтан 50 шақырым қашықта, яғни шекара мағы аумағында 220,7 мың халқы бар 9 шағын қала (Жаркент, Зайсан, Сарыағаш, Шардара, Шемонаиха, Мамлютка, Булаев, Жетісай, Жітіқара), 65 аудан (3,4 млн адам), 1283 ауылды елді мекен (1,7 млн адам) орналасқан.

Үшінші деңгей – өткізу пункті. Бұл жерде шекара арқылы өтетін адамдар, көлік құралдары, жүктер мен тауарлар тікелей бақылаудан өтеді. Қазақстанда 101 өткізу пункті бар: оның 51-і автомобиль, 27-сі теміржол, 19-ы авиациялық, үшеуі теңіз және біреуі өзен пункті.

«Нұр жолы» өткізу пункті
Фото: Мемлекеттік кірістер комитеті

Өткізу пункттерінде шекаралық бақылаумен қатар кедендік, көліктік, санитариялық-карантиндік, ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау ұйымдастырылады. Әр орган өз құзыреті шегінде тексеру жүргізеді, ал адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды мемлекеттік шекара арқылы ҰҚК Шекара қызметі өткізеді.

Шекаралық бақылаудың өзі бірнеше кезеңнен тұрады. Адамның құжаттары мен жеке басы тексеріледі, оның Қазақстанға кіруіне немесе елден шығуына заң бойынша шектеу бар-жоғы анықталады. Қажет болған жағдайда биометриялық деректер өңделеді. Көлік, жүк пен тауарды шекарадан өткізудің заңдылығын, барлық бақылаушы органдардың рұқсат белгілерінің болуын да осы қызмет тексереді.

Бұл жерде Шекара қызметінің жұмысы тек құжат тексерумен шектелмейді. Оның өкілеттігіне тыйым салынған немесе контрабандалық жолмен өткізілетін есірткі, қару-жарақ, оқ-дәрі және басқа жүктерді ұстау мен алып қою да кіреді. Тіпті шекара қызметі өз құзыреті шегінде қылмыстық құқық бұзу фактілерін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп, әкімшілік істерді де қарай алады.

Шекара қауіпсіздігінің тағы бір бөлігі – Каспийдегі бақылау. Аумақтық және ішкі суларда кемелердің жүзуі, балық аулау, жүк тасымалдау, зерттеу және өзге де қызмет түрлері арнайы режиммен реттеледі. Ал континенттік қайраңда табиғи ресурстарды барлау мен игеру, жасанды құрылыстар салу және ғылыми зерттеулер жүргізу тәртібінің сақталуын да Шекара қызметі бақылайды.

Шекарадағы қауіпсіздік жүйесі цифрлық құралдарға да сүйенеді. Сол үшін мемлекеттік шекараны қорғауға арналған мамандандырылған есепке алу, цифрлық жүйелерді құру мен пайдалану, өзінің цифрлық объектілерінің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделген. Бұдан бөлек, өткізу пункттеріндегі бақылау кезінде адамдарды биометриялық деректерін өңдеу арқылы тексеру қарастырылған.

Шекара бұзу статистикасы

Осы жүйенің нәтижесін нақты статистикадан көруге болады. 2026 жылдың алғашқы алты айында ҰҚК Шекара қызметі шекара кеңістігінде 22 322 заң бұзушыны ұстады. Оның 16 791-і шетел азаматы болды.

Осы кезеңде мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз өткізудің 6 806 фактісінің жолы кесілді. Оның ішінде 3 153 факт жанар-жағармай материалдарына, 2 504 факт халық тұтынатын тауарларға, 751 факт шетел валютасына, 250 факт қару мен оқ-дәріге қатысты болды. Кемінде 148 есірткі фактісі анықталды.

шекара
Фото: ҚР ҰҚК

Заңсыз валютаны әкетуге қарсы жұмыс та жеке бағыт ретінде көрінеді. Жыл басынан бері 6,9 млрд теңге сомасына декларацияланбаған валютаны шетелге алып шығудың 681 әрекеті тоқтатылған. Маусымның өзінде шекарашылар шетел валютасына қатысты 181 заңсыз өткізу фактісін анықтады, олардың сомасы шамамен 2,2 млрд теңге болды.

Каспий акваториясында жыл басынан бері 75 браконьерлік фактісінің жолы кесілді. Маусымда ғана 24,7 шақырым браконьерлік құрал мен 658 келі болатын 94 бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Ал сәуір, мамыр және маусым айларында Шекара қызметі құзыреті шеңберінде 121 қылмыстық іс қозғады.

Ал құқықтық статистикаға сүйенсек, 2026 жылдың 1 қаңтары мен 31 шілдесі аралығында Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өтуге қатысты 280 қылмыстық құқық бұзу тіркелген. Осы бап бойынша өндірісте болған 328 істің 224-і аяқталып, оның 87-сі сотқа жолданған. Сонымен қатар айналыстан алып қойылған немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасына қатысты 6 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.

Түйіндесек, мемлекеттік шекараны қорғау – шекара сызығында кезекшілік атқарудан әлдеқайда кең ұғым. Оның ішінде шекаралық аумақтың режимін сақтау, өткізу пункттеріндегі адамдар мен жүктерді тексеру, заңсыз көші-қон мен контрабандаға тосқауыл қою, теңіздегі экономикалық мүдделерді қорғау және цифрлық бақылау жүйелерін пайдалану бар. Ал шекарашылар күн сайын осы көпдеңгейлі жүйенің қалтқысыз жұмысын қамтамасыз етеді.