Бүгін жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл да ел бойынша 20 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді. 

строительство, құрылыс
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Жыл басынан бері құрылыс саласындағы жұмыс көлемі шамамен 2,4 триллион теңге болып, 13,4% өсті. Оған қоса, 6.3 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың деңгейінен 4,5% жоғары, — деді Ерсайын Нағаспаев.

Саланы дамытудағы маңызды қадам — жаңа Құрылыс кодексінің қабылдануы болды. Жаңа Кодексті іске асыру шеңберінде 138 нормативтік құқықтық акт қабылданды. Осылайша, құрылыс қызметі реттеліп, жаңа жүйені қалыптастыруға мүмкіндік береді.

— 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Кодекстің нормалары құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін арттырып, рәсімдерді ашық әрі тиімді етеді, әкімшілік кедергілерді азайтады және құрылыс саласына инвестиция тартуға ықпал етеді, — деп атап өтті министр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сумен жабдықтау және су бұру бағытында 223 жоба-жұмыстары жүргізілуде.

— Қазіргі таңда 13 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Министрлік желісінде 2030 жылға дейін, жалпы құны 1 триллион теңгеден асатын 5 мың шақырым су құбыры және 2,8 мың шақырым су бұру желісі жаңғыртылады. Сонымен қатар, шамамен 800 миллиард теңгеге 45 кәріз тазарту құрылысын салу және қайта жаңғырту жоспарланып отыр, — деді Ерсайын Нағаспаев.

Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық, инженерлік және көлік-логистикалық инфрақұрылымды толыққанды дамыту қажеттігін айтқан еді.

Сонымен бірге, Президент Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыру қажеттігін тапсырды.