Бүгінгі веб-шеберлер мейрамын қазақстандық бағдарламашылар атап өте ме
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Бүгін әлем бойынша веб-шеберлер мейрамы атап өтіліп жатыр. Kazinform тілшісі қазақстандықтар бағдарламашылардың бұл күнді атап өтетінін-өтпейтінін біліп көрді.

Веб-шеберлер мейрамын атап өту үшін осы күннің таңдалуы тегін емес. Нақтылап қараса, 4.04 цифрлары 404 санын (интернет-парақшаның табылмауын көрсететін) еске түсіреді.
Веб-шебер немесе сайттың «басқарушысы» веб-сайт және интернеттегі корпоративтік қосымшаны жасаумен айналысады.
Жалпы бұл мейрамды тек олар емес, бағдарламашылар, веб-дизайнерлер, SEO-мамандары және жұмысы сайтты құруға және дамытуға қатысты басқа да мамандар атап өтеді. Әлемде осы күні веб-жобалардағы жаңа технологияларды қолдануға арналған жиналыстар мен конференциялар ұйымдастырылып жатады. Әріптестер әлеуметтік желіде бір-бірін құттықтап, пайдалы кеңестерімен бөліседі.
Осы ретте, «Қазақстандық бағдарламашылар веб-шеберлер мейрамын атап өте ме?» деген сұрақтың жауабын іздеп көрдік.

- Бұл мейрам туралы бірінші рет естіп тұрмын. Десе де Қазақстанда IТ саласына қатысты мереке көп қой. Сондықтан осы саладағыларға «бізде мереке жоқ» деп өкпе-наз айтқан орынсыз болар. Ал егер 4 сәуірді ресми түрде күнтізбеге енгізіп, атап өтіп жатса қарсы емеспін. Себебі қазір ІТ-мамандарсыз, веб-шеберлерсіз бір істі жүзеге асыру қиын. Мысалы, Egov қосымшасын алайық. Соның бір өзі қаншама қазақстандықтың жүгін жеңілдетіп, мәселесін шешіп отыр, - дейді алматылық IT маман Мейіржан Әуелханұлы.
Ал өскемендік сайт жасаушы Медеу Демесінов веб-шеберлер мейрамын білсе де тойламайтынын жеткізді.
- Иә. Осындай мейрам бар екенін білемін. Бірақ оны атап өтіп көрмеппін. Бізде бұл сала шетелдегідей кең дами қойған жоқ. Бәлкім, содан да шығар деп ойлаймын. Егер әкімдік немесе қандай да бір қоғамдық ұйымдар тарапынан мейрамға қатысты шара өткізіп жатса, қуана-қуана барар едім, - дейді ол.
Еске салсақ, бұған дейін 7 мыңнан аса қазақстандық жүргізуші куәлігін екі батырманы басу арқылы ауыстырғаны жайлы жазғанбыз.