10:48, 09 Мамыр 2009 | GMT +5
«Бухенвальд» концлагерінің бұрынғы тұтқынының соңғы сөзі «бейбітшілікті сақтаңдар» болды
АТЫРАУ. Мамырдың 9-ы. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ – Атырау сахнасында «Бухенвальд дабылы» әнін орындап тұрған кезде осы концентрациялық лагерьдің бұрынғы тұтқыны Валентина Сапрыкинаның жүрегі кенет соғуын тоқтатты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Валентина Николаевна Сапрыкина қасіретті Бухенвальд лагерінде екі жыл өмірін өткізді. Соғыстан кейін ол екінші Отанына айналған Қазақстанға көшіп келіп, еңбек етті. Ғажайып дауысы бар Валентина Николаевна зейнетке шыққаннан кейін «Майдангер арулар» деп аталатын соғыс және еңбек ардагерлерінің атыраулық хорының белсенді қатысушысы болды. Хор тек облыс орталығында ғана тұрақты концерт қоюмен шектелген жоқ, барлық аудандарды аралап, еліміздің көптеген қалаларында гастролдік сапармен болды. Дәстүр бойынша соғыс және еңбек ардагерлері үшін ең қауырт сәттер мамырдағы мереке күндері болды және болып қала бермек.Мереке қарсаңында Валентина Николаевна еңбек ұжымдарының бірімен кездесу кезінде өзінің ақжолтай әні «Бухенвальд дабылын» орындау үшін сахнаға шығады. «Ей, адамдар, қырағы болыңдар, бейбітшілікті сақтаңдар!» деген сөздермен аяқталатын шумақты айтқаннан кейін Валентина Николаевна кенет үнсіз қалып, сахна төрінде жәймен қисая береді. Оған көмек беру мүмкін болмады ? ардагердің жүрегі тоқтап қалыпты. Жаны жайсаң жанның «бейбітшілікті сақтаңдар» деген соңғы сөзі жиналғандардың құлағында ұмытылмастай қалып қойды.