Бұқаралық ақпарат құралдары қаржыландыру көздерін әртараптандыруы керек

Бұл "Дағдарыс кезеңіндегі Қазақстан медиа индустриясы: туындаған жағдайлар мен шешімдер" деген атпен өткен ІІ медиа құрылтайда мәлім болды. Пікірсайысқа қатысушылардың пайымдауынша, қазіргі қаржылық-экономикалық дағдарыс медиа нарықтың дамуындағы олқылықтарды айқын көрсетіп берді. Мәселен, қазақ және орыс тілді басылымдардың басын тек мемлекеттік ақпараттық тапсырыс қана біріктіреді. Онда көтерілетін мәселелер бір-бірімен қабыспайды. Олар әрқилы әлемде өмір сүреді. Оған бөлінген мемлекет қаржысы аса тиімді жұмсалып жатқан жоқ. Мәселен, қазір шетелдік телеарналардан көшіріліп берілетін хабарлардың көпшілігі онда мемлекеттік тапсырыс бойынша жасалады. Мұндай жағдайда ақпараттық қауіпсіздік пен тәуелділік туралы айту оңай емес. Бұл жәйттерді құрылтайға арнайы келіп қатысқан Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ғазиз Телебаев та жасырмады.
"Мемлекеттік ақпараттық тапсырыс биыл 182 тақырып бойынша берілді. Бұл өте көп. Пікірталас кезінде мемлекет жекелеген ақпарат құралдарын емес, тұтас ақпараттық кеңістікті дамытуы керектігі туралы ой айтылды. Мен оған толығымен қосылам. Бірақ бұл өте күрделі мәселе. Ол біздің министрліктің ғана құзырындағы іс емес. Мемлекеттік тапсырысты орындалуын тексеретін құзырлы мекемелер бізде де баспасөз материалдарын сантиметрлеп, ал теле-радио хабарларын ұзақтығына қарап өлшеп жатады», деген Ғ. Телебаев, бұл мәселені жақын арада өзгерту қиын шаруа екенін жеткізді.
Пікірталас кезінде отандық ақпарат құралдарының қаржыландыру көздерін әртараптандыру мәселесі де жан-жақты талқыға түсті. Мәселен КТК телеарнасының Бас директоры Арман Шұраев ақпарат құралдары бюджетінің тең жартысын құрал-жабдықтарды жаңарту, жаңғырту жұмыстары құрайтынын айтты. Телерадио хабарларын тарату қауымдастығының жетекшісі Шолпан Жақсыбаева БАҚ-ты қосымша құн салығынан босату тек ірі кәсіпорындар мен холдингтерге ғана тиімді болатынын жеткізді. Сондықтан құрылтайда айтылған ұсыныстар мен идеяларды сарапқа салған кезде БАҚ-ты қосымша құн салығынан (ҚҚС) босатумен тығырықтан шығу қиын екенін қатысушылардың көбі мойындады. Олардың сөзіне қарағанда, құзырлы органдар БАҚ-ты ҚҚС босатуды емес, оны азайту немесе жеңілдіктерді енгізу жайын қарастыруы қажет. Қазіргі таңда көптеген ақпарат құралдары мемлекеттік тапсырыстан айрылып қалмау үшін өз мазмұнын сұйылтып алды. Олар негізінен болашаққа болжам жасап, сараптамалар жасаудың орнына күнделікті күйкі тірліктің аясынан шыға алмай жүр. Медиа нарықтың дамуындағы жүйесіздік дағдарыстан бұрын қалыптасқан. Қазір ол тек шырқау шыңында тұр.