Бұқаралық спортты қаржыландыру назардан тыс қалмауы керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Спорт - денсаулық кепілі. Қашаннан құлаққа сіңісті, тәжірибеде өзінің дұрыстығын дәлелдеп келе жатқан осы қағиданың бүгінде өмір салтына айналуы қиын болып тұр.
None
None

Әңгіме бұл жерде әрине, барша жұртты қамтитын бұқаралық спорт хақында. Нақтырақ айтсақ, елімізде тұрғындардың 23,2 пайызы ғана дене шынықтыру шараларымен айналысады екен. Халықтың жетпіс пайыздан астамы спорттан алыс жүреді. Бұл әлбетте, жұртшылықтың спортқа құлқының жоқтығынан емес. Дене шынықтыруға ел арасында белсенділіктің төмендігі біріншіден, көбінің жұмыстан қолының тимеуіне, екіншіден, спорт залдар абонементінің қымбат құнын қалтаның көтермеуіне байланысты.

Парламент Сенатында өткен Үкімет сағатында болған әңгіме барысында бұқаралық спорттың дамуын тежеп тұрған осы және өзге мәселелер сөз болып, оларды тиімді шешудің жолдары ортаға салынған еді. Отырысқа арнайы келіп баяндама жасаған Бокс бойынша олимпиадаға дайындау орталығының директоры Ермахан Ыбырайымов мәселені төтесінен қойды. Ол елімізде қаптатып аурухана салуға наразылығын білдірді. «Спортшы ретінде 100 мектеп салуға еш қарсылығым жоқ. Бірақ, 100 аурухана салудың не қажеті бар? Бұл Қазақстанда тек ауру адамдар тұрады деген сөз бе? Оның орнына, спорт кешендерін салып, аурудың алдын алған жөн емес пе? Сондықтан, 100 аурухананың орнына 50 аурухана, қалған 50 аурухананың орнына 50 спорт кешені салынса», - дей келіп, сөзінің соңында елімізде салауатты өмір салты ұлттық идеяға айналуы керектігіне, сонда ғана халық сапасы артып, бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде дамитындығымызға назар аудартты.

Ал, Білім және ғылым министрлігі өкілдері жергілікті жерлердегі спорт ғимараттарының оқушылар үшін тегін қызмет көрсетуі керектігін айтады. Олардың мәлімдеуінше, бүгінде бұл мәселенің шешімін табу тек атқарушы биліктің құзырында екен. Алайда, сенаторлар мұнымен келіспеді. Олар министрліктің барлық шаруаны жергілікті биліктің өкілеттігінде екенін айтып, жауапкершіліктен құтыла алмайтынын мәлімдеді. Құзырлы орын аталмыш проблема жойылуы үшін арнаулы нормативтерді жасап, олардың орындалуын жүйелі түрде қадағалап отыруы керек. Әдістемелік кеңестерді жүзеге асырғаны орынды.

Шын мәнінде бұқаралық спорттың кері кетуі бұл жұмыстың құқықтық тетіктермен толыққанды қамтылмауымен астасып жатқандай. Мәселен, Астана қалалық әкімшілігі өкілінің айтуынша, бұқаралық спорт және дене шынықтыру шаралары бюджеттік бағдарламадан тыс қалған. Яғни, оның қаржылық мәселесі шешілмеген. Осының салдарынан жұмыс істеп тұрған, материалдық базасы тәуір деп айтуға келетін спорт мектептерін жекеменшікке беруге амал жасалуда. Ал бұл дегеніміз, олардың көпшілікке қолжетімділігін төмендетіп, бұқаралық спорттың дамуын тежейді. Сонымен қатар, жұртшылықтың спортқа деген құлшынысын арттырудың бірден-бір жолы аула клубтарымен байланысты десек, бұл жұмысты жандандыру да құқықтық тұрғыда қолдауға мұқтаж. Өйткені, оның бізде нақты мәртебесі заңнамалық түрде айқындалмаған. Бұл құрылымдар жүйелі жұмыс істеу үшін олардың барлық іс-қимылы, қаржы көзі құқықтық тұрғыда дәйектелуі керек.

Проблеманың тағы бір тобы дене шынықтыру саласы мамандарының тапшылығында болып тұр. Ауылдық жерлерде сабақты көбіне сағаттық жүктемесі жетпейтін мұғалімдер өткізеді. Бірқатар мектептерде бұл сабақ спорт түрлеріне кәсіби тұрғыда бейімделу емес, әшейін доптың соңынан қуып жүруге негізделген. Сағат жүктемелері аз болғандықтан, мамандардың да оқытуға ынтасы аз. Олардың тым болмаса жаттықтырушы болып, нәпақа табуына мүмкіндік жоқ. Оған заңнамалық түрде шектеу қойылған.

Міне, бұқаралық спорттың осындай қадау-қадау мәселелері бар. Соған қарамастан, елімізде спорттық біраз шаралар өткізіліп, жеңісті күндерге жетіп жатқанымыз жасырын емес. Бұл жастарымыздың ерік-жігері мен спортшылардың отансүйгіштігінің арқасы деп бағалауымыз керек шығар.

Соңғы жаңалықтар