Бүкіл ел болып табиғат апатына ұшыраған батысқазақстандықтарға жан-жақтан қол ұшын беруде - Мәжіліс депутаты Шавхат Өтемісов

АНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаттары Қабиболла Жақыпов, Елена Тарасенко, Аманжан Жамалов, Шавхат Өтемісовтер Батыс Қазақстан облысына іссапармен барып қайтты.
None
None

Су апатынан келген зардаптарды өз көзімен көрген депутат Шавхат Өтемісов Ақ Жайық өңірінің бүгінгі тыныс-тіршілігін, табиғат апатының салдарын жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты баяндап берді.

- Шавхат Әнесұлы, өзіңіз жуырда Ақ Жайық өңіріне барып қайттыңыз. Табиғат апатына ұшыраған тұрғындармен жүздестіңіздер.

- Бұл біздің жақта көптен бері болмаған табиғи апат. Қазір арнайы комиссия шығындардың есебін шығарып жатыр. Алдын ала мәліметтер бойынша көшіруге мәжбүр болған адамдардың саны 8 мыңның үстінде. 9 мыңдай үйлер, саяжайдағы үйлер суға кеткен. Соның ішінде 1400-ден астамы тұрғын үй. Әрине, бұл тұрғындар үшін өте үлкен қиындықтар туғызып жатыр. Елбасы алғашқы күннен бастап Батыс Қазақстан облысының жағдайын өз қадағалауында ұстап келеді. Президент 870 млн теңге қаражат бөлу туралы Үкіметке тапсырма берді. Ол ақша түсті. Айта кету керек, жергілікті билік тез шара қолданды, мемлекеттік комиссия қаражат мәселесін шешуді жедел қолға алды. Қазір бүкіл ел болып табиғат апатына ұшырағандарға көмектесіп жатыр. Соның арқасында жағдай дұрысталып келеді.

Әрбір облыс 100 млн теңге көлемінде қаржы беруді жоспарлап жатыр. Кейбір облыстар ол ақшаны аударды. Айталық, Маңыстау, Атырау облыстарынан қаржы түскені белгілі болды. Гуманитарлық көмек көрсеткендер де бар. Иманғали Тасмағамбетовтың шұғыл қолға алуымен Астана қаласынан арнайы көмек Оралға жетті. «Елордадан Батыс Қазақстанға» деген ұранмен үш жүк көлігі тұрғындарға бірінші қажетті тауарларды, азық-түлікті алып барды. Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстары алғашқы лекте көмек қолын созды.

Сонымен қатар арнайы қор ашылды. Ол қорға қарапайым адамдар да, мемлекеттік ұйымдар мен жеке кәсіпкерлік ұжымдары да ақша аударып жатыр.

- Жиналған қаражаттың талан-таражға түсіп кетпеуін кім қадағалайды?

- Дұрыс айтасыз. Бұл аз ақша емес. Менің ойымша, арнайы комиссия құрылып, әрбір теңге орны-орнына мақсатты түрде жұмсалуы тиіс. Соны бақылауға алу керек. Бұл жерде «Нұр Отан» партиясы тарапынан да бақылау болады деп ойлаймын.

Осы табиғат апатымен күресу барысында жастардың белсенділік танытқанын арнайы айтып өтуім керек. «Жас Отан» ұйымының жетекшілері Оралға барып, ұран тастап, жастарды Батыс Қазақстан облысына көмектесуге шақырды. Олар жазда құрылыс отрядтарын ұйымдастыруды қолға алып жатыр. Бүгінгі таңда жергілікті жастарды жинап, құтқару шараларын атқарды. Оралдағы «Жас Отан» мен «Жасыл ел» ұйымдары белсенділік танытты. Біз барғанда жастардың ортасында «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешов жүр. Бұл жастардың саяси өскенін, патриоттық сезімдерінің жоғары екенін көрсетті.

- Су алған ауылдарды аралап көрдіңіздер ме?

- Иә. Депутаттар тобы Тасқала, Зеленов, Ақжайық аудандарында болып, тұрғындармен кездестік. Қалада 16 эвакуациялық пункт ашылған екен, онда уақытша тұрып жатқандармен де тілдесіп, жағдайларымен таныстық. Бүгінгі таңда 1200-дей адам сол пункттерде тұрып жатыр.

Біз барған кезде Тасқала ауданында су кері қайтыпты. Үйлердің құлап жатқанын көрдік. Біздің жақта үйлердің сыртын ақтап қояды. Судың деңгейі қанша жерге көтерілгенін анық көрдік. Кейбір үйлерде терезесінен асып кетіпті. Шатырына дейін басып кеткен үйлер бар. Олар саман тастан салынған үйлер. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, саман тастан салған үйлер суды бойына сіңіріп тұрады да, су кеткен кезде опырылып құлап түсетін көрінеді.

Ал біздің депутаттардың арасында Шығыс Қазақстан өңірінен келгендер бар. Әріптестерімнің айтуы бойынша, шығыста үйлерді ағаштан жасайды екен. Ол жақта таулы жер болған соң, өзендер тасқыны жиі-жиі болып тұрады. Халық қашан су таситынын алдын ала біліп отырады. Құжаттарын алып, заттарын биікке шығарып қояды. Су келген уақытта кетіп қалады. Тасқын өткен соң, қайтып келіп, есік-терезелерді ашып, үйін кептіріп алады. Сөйтіп, ағаштан жасалған үй құламайды. Сол себепті бұрынғы үйлерінде тұра береді. Келешекте еліміздің өзге өңірлерінде де осындай жайтты ескеру керек сияқты.

- Осы су тасқынының шығу себептері анықталды ма?

- Басты себеп қыстың аяғында, көктемнің басында қар көп жауған. Күн бірден жылып кетті де, қар тез еріді. Жердің тоңы түсіп үлгірмеген ғой. Сондықтан тасқын су бәрін алып кетті. Бәрі ретімен болып отырса, яғни, күн жылынып, тоң түсіп, қардың суы күндіз еріп, түнде қатып, жерге сіңсе, мұндай табиғи апат болмас еді.

Орал қаласы, Тасқала, Зеленов ауданынан кейін үлкен қауіп төндіргені Ақжайық ауданының Алғабас аулы. Сол жерде Қарағай мен Бестоғай мекендері суға кетті. Біз барғанда айналысы суда тұр. Кейбір адамдарды тікұшақ арқылы құтқарған екен. Тікұшақ қонатын жер де қалмаған, 80-нен астам адамды құтқару баспалдағымен көтеріп алыпты.

- Суға кеткендер жоқ па?

- Құдайға шүкір, әзірше адам шығыны жоқ. Малдары мен техникалары суға кеткендер аз емес. Қазір шығын есептеліп болған соң, бюджеттен де қаражат бөлінеді деп күтілуде.

- Батыс өңірінде көлік жолдары қаншалықты зардап шекті?

- Автокөлік жолдарының бұзылғаны бар. Көп жерде қатты толқындар көпірлерді бұзып алып кеткен. Қалаларды, ауылдарды су алмасын деп қоршап қоятын биік жар қабақтар, яғни, бөгеттер бұзылған. Деркөл, Шаған өзендері бөгеттерді бұзып, елді мекендерді су алып кеткен. Оларды жөндеу үшін де қыруар қаржы керек болады.

- Шешілуі күрделі қандай мәселе бар?

- Тағы бір күрделі мәселе - саяжайда тұрып келген адамдардың жағдайы. Олар жан-жақтан көшіп келгендер ғой. Қаладан үй алуға қаражаттары жетпеген соң, саяжайларды мекендеп келді. Олардың көбінде үйдің меншігіне байланысты құжаттары жоқ. Тұрғынжайға тіркелгені туралы мәліметтері де жоқ. Қазіргідей жағдайда енді мүлдем баспанасыз қалды. Оларды үймен қалай қамтамасыз етуге болады? Мемлекеттен бөлінген қаражатқа үй салынып берілсе, ол ертеңгі күні заңсыз болып шығуы мүмкін.

Сол саяжайдағы бір үйде қанша адам, қанша отбасы тұрды? Құжат болмаған соң, ол жағы да белгісіз. Екінші мәселе осыған келіп тірелуі мүмкін. Осының бәрі көп жұмысты талап етеді. Бірақ, менің ойымша, бара-бара бәрі де ретіне келетін болар. Ең бастысы, қыстың салқыны түскенге дейін қалай болғанда да, табиғат апатынан үйсіз қалғандардың мәселесін толық шешіп беру қажет. Ендігі мақсат бірде-бір адам көмексіз қалмауы керек.

- Биыл облыстың оңтүстіктігіндегі Бөкейорда, Жаңақала, Казталов аудандарын су алған жоқ па?

- Жоқ. Ол жақта басқа қауіп бар. 1993 жылы Қараөзен мен Сарыөзенге су көп келді де, Казталов ауданы су тасқынының астында қалды. Қазір енді өзендерге су келіп жатыр. Соншама төніп тұрған қауіп жоқ. Бақылауда тұр. Егер 1993 жылғыдай тиісті шара алынбаса, ол жақты да су алуы мүмкін.

- Барған сапарыңызда қандай ой түйдіңіз?

- Адамды қиындық біріктіреді екен. Соған біздің көзіміз жетіп отыр. Көрдіңіз бе, бүкіл ел болып табиғат апатына ұшыраған батысқазақстандықтарға жан-жақтан қол ұшын беруде. Ол да біздің қазағымыздың бір ерекше қасиеті. Бұл мақтанышпен айтатындай қайырымды іс. Біздің елде тұрып, өз Отаным деп есептейтін өзге ұлт өкілдері де азаматтық парызын танытуда. Жайық өңірінің тұрғындарына қолдау білдірген барша халыққа ризашылығымызды білдіреміз.

- Жайық өңірінің проблемаларын айтқанда, автокөлік жолдарына тоқталмауға болмас. Осы апаттардың салдарын жою барысында оған да айрықша көңіл бөлу керек сияқты?

- Өкінішке орай республика бойынша автокөлік жолдары ең артта қалған облысқа жатамыз. Бүкіл облыс жолдарының 20 пайызына ғана асфальт төселген! Бұл мәселелерді депутаттар да жиі көтеріп келеді. Жергілікті билік те республика алдына мәселе қойып жүр. Соның арқасында қазір Чапаев-Казталов автожолына қаржы бөлінді. Биылға дейін 40 шақырым асфальт төселді. Үстіміздегі жылы тағы да 40 шақырым жол салынады, оған да ақша бөлінді. Дегенмен осы бағыттағы жұмыстар әлі де белсенді түрде жасалуы керек деп ойлаймын.

Қаратөбе жағына тас жол төселіп бара жатыр. Алайда, бұл жұмыстың басы деп айтуға болады.

- Ал Орда, Жәнібек бағыттары бойынша қашан жол салынады?

- Орал мен Бөкейордасы ауданының қашықтығы 525 шақырым. Соның тең жартысы ғана тас жол. Қалғаны саздан жасалған грейдер. Батыс өңірінен шыққан депутаттар болып бұл мәселені де көтеріп жүрміз.

Қазіргі жоспар былай болып тұр. Алдымен Чапаев пен Казталовты қосу, содан кейін Казталов пен Жәнібекті қосу көзделуде. Одан әрі Бөкейордасы ауданының орталығы Сайқынға шығу жоспары жасалған. Бірақ бұл бағыт 600-700 шақырымдық айналма жол болып кетеді. Тұрғындар үшін өте тиімсіз.

Негізінде халық үшін Бөкейордасы ауданына Жаңақала арқылы бару өте ыңғайлы. Бұл бағытқа жол салу жоспары болғанмен, қаражат әлі бөлінген жоқ.

Сонымен қатар халықтың жол қатынасын жақсартуда темір жол көлігінің тиімділігі орасан зор. Бұрын 1980 жылдардың соңында «Орал-Астрахан» бағытында жүретін тіркемелі екі вагон болды. Ол Бөкейордасы, Жәнібек және Атырау облысының Құрманғазы аудандарының тұрғындарын Оралға жеткізіп тұрды. Өте тиімді еді. Кеңес одағы тараған соң, ол вагондар тоқтап қалды.

Қазір Сайқын, Жәнібек стансаларының үстінен пойыздар жүріп жатыр, бірақ бірі де тоқтамайды. Әлі күнге дейін қанша көтерсек те, бұл мәселе шешімін таппай келеді. Енді осы мәселе шешіле ме деген үмітіміз бар. Біз бұрын мәселе қойғанда, Кеден органдары қарсы дегендей жауап алатынбыз. Енді бір Кедендік одаққа кірген соң, шешілуі тиіс. Шекарашылармен келісуіміз керек.

«Орал-Астрахан» тіркемелі вагондардың неге жүрмей қалған себебін де біздер анықтадық. Экономикалық жағынан есептегенде тиімсіз деген жауап алдық. Ол кезде біздің экономикамыз да дамымаған кезі, халықтың да тұрмысы ауыр болды. Жұмыссыз қалған ауыл тұрғындары қауіпті болса да, арзандау болады деп шағын автобустармен қатынауды жөн көрді.

Ал енді қазір экономикамыз тұрақтылық қалыпқа келді. Халықтың да әлеуметтік жағдайы жақсаруда. Ауыл тұрғындары мал ұстап, оны сатып, пайдасын көре бастады. Елді мекендер арасында қарым-қатынас та артты. Менің ойымша, сол бірнеше вагоны бар пойызды қазір жіберсе, ол өзінің экономикалық жағынан тиімділігін көрсетер еді. Әрі Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының қарым-қатынасы жақсарар еді. Тіпті Қазақстан мен Ресей арасында жақсы байланыс орнайтыны анық. Жайық өңірі Ресейдің бес аймағымен, яғни, Астрахан, Волгоград, Саратов, Самара, Орынбор губернияларымен шектесіп жатыр. Шыны керек, соңғы жылдары Ресейде тұратын қазақ қандастарымыздың біздің елдегі туыстарына келіп-кетуі де қиындап кеткен еді. Екі елге ортақ пойыз шықса, бұл мәселе де шешілері сөзсіз.

- Тек бір-екі қаламен шектелмей, мүмкін Астрахан, Орал, Ақтөбе бағытымен жүретін пойыз шығаруға болатын шығар.

- Қалай болғанда да, біз экономикалық тиімділігін қарастыруымыз қажет. Екі мемлекетке де, тұрғындарға да пайдалы болатын темір жол қатынасын шығару - кезек күттірмейтін мәселе.

Қазір бір Кеден одағына кірдік. Ертең Біртұтас экономикалық кеңістікке кіргелі отырмыз. Сол кезде Қазақстан мен Ресей арасында жүріп-тұруға ешқандай кедергі болмайды. Мысалы, Оралдың кәсіпкері ешқандай қосымша баж салықтарын төлемей-ақ өз тауарын Астраханға алып барып өткізуіне болады. Сол секілді астрахандық кәсіпкерлер де біздің елде сауда жасауына жол ашылады. Сондықтан екі елдің арасын қосатын поезд керек болады. Осы мәселені біздер көтеріп жүрміз, атқарушы билік нақты істермен айналысуы керек деп ойлаймын.

- Мүмкін Сыртқы істер министрлігі арқылы шешуге болатын шығар?

- Ол министрлік емес, бұл жерде экономикалық мәселе болған соң, біздің Үкімет қолға алуы қажет. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстан мен Ресей екі жақты келісімшартқа отыруы керек. Біздің үкіметтегілердің айтуынша, Ресей тарапы қолдаса, бұл мәселені шешуге болатын сияқты.

- Ал сіздер жиі көтеріп жүрген Астана мен Оралдың арасындағы пойыз қатынасы да әлі шешілген жоқ қой?

- Осы мәселемен айналысатын лауазым иелерінің бізге берген жауабында биыл Астана мен Атырау арасына жүретін пойыздың шығарытыны атап көрсетілген. Келесі жылдан бастап Орал мен Астананы қосу жоспарланған. Олардың айтатын басты себебі вагондар жетіспейді. Енді қазір үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде вагон шығаратын зауыт ашып жатырмыз. Соған қарағанда вагондардың жетіспеушілігін шешетін мүмкіндік туады. Сол себепті бұл мәселені тезірек шешуді көздеп отырмыз.

- Ой бөліскеніңізге рақмет.

Соңғы жаңалықтар
Референдум