Бүкіләлемдік туристік ұйымның Бас Ассамблеясының 18-інші сессиясында бүгінгі қаржы дағдарысы жағдайында туризм саласын дамыту мәселелері талқыланады

АНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүкіләлемдік туристік ұйымның Бас Ассамблеясының 18-інші сессиясында бүгінгі қаржы дағдарысы жағдайында туризм саласын дамыту мәселелері талқыланады.

Бүкіләлемдік туристік ұйымның Бас Ассамблеясының 18-інші сессиясында бүгінгі қаржы дағдарысы жағдайында туризм саласын дамыту мәселелері талқыланады

Бұл туралы бүгін журналистермен кездескен Бас Ассамблеяның жұмыс және бюджет бағдарламасының директоры Евгений Юнис мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Е.Юнистің айтуынша, сессия отырысында бүгінгі қаржы дағдарысын еңсеру жолында «Әлемдік туризмді қалпына келтірудің жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі қаралады. «Аталған құжат аясында біз туризмді сақтап қалу және осы саланың бүгінгі экономиканы дамыту жолындағы рөліне баса назар аударып, талқыға салатын боламыз», - дейді Е.Юнис. Сондай-ақ Бас Ассамблеясының 18-інші сессиясында ұйымның жаңа Бас хатшысы сайланады. Қазіргі кезде ассамблея Бас хатшысының міндетін атқарушы, Иорданияның өкілі Талеб Рифай негізгі үміткер ретінде қарастырылуда. Айта кетейік, ұйымның бұрыңғы басшысы Франческо Франжиолли биыл өз еркімен аталған қызметтен бас тартқан болатын.   

Қазанның 5-і күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында басталатын Бүкіләлемдік туристік ұйымның Бас Ассамблеясының 18-інші сессиясына қатысу үшін осы уақытқа дейін 120 елдің өкілі тіркеліп үлгерді. Сессия жұмысына әр мемлекеттің 80-ге жуық туризм министрі қатысады деп жоспарлануда.