Бүкіләлемдік туристік ұйымы тау шаңғысы курорттарына қатысты биылғы конференцияны Алматыда өткізу шешімін қабылдады

Аталмыш шараны бірлесіп ұйымдастыру жөніндегі тиісті келісімге кеше Алматыда қалалық туризм басқармасының бастығы Бақытжан Жоламанов пен Бүкіләлемдік туристік ұйымның атқарушы директоры Фредерик Пиерред қол қойды.
«Бұл конференция Еуропадан тыс жерде биыл тұңғыш рет өткелі отыр. Келешекте Қазақстан тау шаңғысы туризмінде үлкен рөл атқарады. Алматы қаласының әкімдігі мен ел Үкіметінің аталмыш конференцияны Қазақстанда өткізу идеясы өте ұтымды бастама. Оның басты мақсаты Еуропа мемлекеттерінің қызығушылығын арттыру», - дейді Ф.Пиерред.
Қазақстанның Бүкіләлемдік туристік ұйымға мүше болғанына 20 жыл толуына орайластырылған халықаралық конференцияға 300-ден астам делегат қатыспақ. Шараның мақсаты - еуропалық және азиялық тау шаңғысы курорттары арасында тәжірибе алмасудың шеңберін құру. Еуразияның қысқы курорттары арасындағы байланыстарды нығайту және өзара қызығушылығы бар тараптарға ынтымақтастықты орнатуға мүмкіндік жасау.