Бұқтырманың су деңгейі көтеріліп, ауыл халқы үйлерін су ала ма деп алаңдаулы
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында Бұқтырманың су деңгейі көтеріліп, ауыл халқы үйлерін су ала ма деп алаңдаулы.
Соңғы күндері әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Күршім ауданы Аманат ауылының халқы үйлерін су алады деп үрейленіп жатқандары туралы ақпарат тарады.

Онда Бұқтырма су қоймасының деңгейі көтеріліп, ауыл іргесіне дейін жеткені, тұрғындардың бірінің қорасының жартысы құлағаны айтылған.

Анық-қанығын білу үшін Kazinform тілшісі Күршім ауданы Балықшы ауылдық округінің әкімі Ержан Тілеубаевқа хабарласып көрді.

«Биыл Бұқтырманың су деңгейі көтерілді. Бірақ тұрғын үйлерге еш қауіп жоқ. Сол жаққа барып өлшедік. Су мен ең шеткі үйдің арасы 37 метр. Қорасы зақымдалған азаматпен аудан әкімі кездесті. Бірақ заң бойынша тұрғынның қорасы немесе басқа да кәсіпкерлік нысаны төтенше жағдайдан бүлінсе оған өтемақы берілмейді. Өтемақы тек тұрғын үйге қарастырылған. Ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - дейді ол.