Бұл халық санағында кезінде өзге ұлт өкілі боп жазылып кеткендерге қазақтығына оралуына мүмкіндік берілуі керек ? саясаттанушы Ә. Ғали

АЛМАТЫ. Қаңтардың 19-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - 36 күннен кейін тәуелсіз Қазақстан тарихындағы 2-ші бүкілқазақстандық ұлттық халық санағы басталады. Қазір бұл шараға жер-жерлерде қызу дайындық жүріп жатыр. Біз осыған орай кандидаттық және докторлық диссертациясын тарихи демографиядан қорғаған, белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғалиды әңгімеге тартқан едік.
None
None
-Әзімбай аға, ақпанның 25-і мен наурыздың 6-сы аралығында өтетін 2-ші бүкілқазақстандық ұлттық халық санағының бұған дейінгі санақтан қандай басты айырмашылықтары бар? - Егемендік кезеңінде бірінші бүкілқазақстандық ұлттық халық санағы 1999 жылы өтті. Менің ойымша өткен санақта құзырлы органдар толық қамтылды дегенмен біраз жұртшылық тізімге ілінбей қалды. Олардың ішінде ауылдан қалаға жұмыс іздеп келіп еш жерде тіркелмей пәтерде тұрғандар көп болды. Ал олар тұрып жатқан пәтердің қожайындары менде пәтерші бар деп айтпады. Өйткені біріншіден, бұл жағдайда олар салық төлейтін еді. Екіншіден, ол кезде жылуды өлшейтін құралдар барлық пәтерде бірдей болған жоқ. Егер менде адам бар десе, олардың коммуналдық төлемдері де өсетін еді. Осы себепті біраз адамдар не қалада, не ауылда тіркелмей қалды. Жалпы Қазақ жеріндегі алғашқы жалпыхалық санағы 1897 жылы болды. Ол Ресей империясының санағы болатын. Содан кейін 1920 жылы болды. Бірақ ол кезде Қазақ АССР-нің территориясында әлі Кеңес үкіметі толық орнамаған. Адайлар ол кезде Кеңес үкіметімен келіспей санаққа мойынсынған жоқ. Одан кейін 1923 жылы қала жұртшылығының санағы өтті. Жалпы халықтық кеңестік халық санағы екінші рет 1926 жылы болды. Ал 1937 жылғы үшінші халық санағының деректерін орталық комитет жарты жылдан кейін дұрыс емес деп тауып, 1939 жылы қайтадан санақ жүргізді. Сондай-ақ 1937 жылғы санақты жүргізгендердің біразын атып тастады. Өйткені онда 1932-1933 жылдары болған ашаршылықтың деректері көрініп қалған болатын. Кеңестік халық санағы бұдан кейін 1959, 1970, 1979, 1989 жылдары өтті. Алайда олардың ешқайсысында қазақ халқының мүддесі елеп-ескерілмеді. Курчатов сияқты жабық қалалардың тұрғындары мен әскери бөлімдердегі жауынгерлер өзге қалаларға бөліп жазылғандықтан, егемендік келген тұста республикадағы жалпы халық қанша, қайда тұрады деген сұраққа нақты жауап болмады. Сол себепті орыс жұртшылығының саны тәуелсіздік жылдары біз ойлағаннан көбірек боп шықты. Кейін ел аумағынан Ресей әскері шығарылған кезде әскери бөлімдерде қызмет жасаған офицерлердің бір бөлігі көшіп кетті. Қазақстанда басқа ұлт өкілдерінің азаюын кейін бәзбіреулер дабырайтып көрсетіп, оны саяси ойынның құралына айналдыруға әрекеттенгенмен, одан өздері күткендей үлкен нәтиже шығара алмады. - Тарихшы ретінде бұл санақтан сіз не күтесіз? - Бұл санаққа бәріміз де үлкен үмітпен қараймыз. Өйткені ол бірқатар құнды деректерге қол жеткізеді. Олар халықтың тұрмыс жағдайына, кәсібіне, жұмыссыздыққа, діни сеніміне және мемлекеттік тілді және шет тілдерін қаншалықты білетініне қатысты сауалдарға жауап тауып береді. Мысалы осы уақытқа дейін бәленше мың қазақ шоқыныпты деп әркім әртүрлі санды айтады. Ал дәлелді нақты дерек ешкімде жоқ. Әркім өзінше болжам жасайды. Сол сияқты біреулер қазақ тілін білмейтін 40 пайыз қазақ бар деп жүр. Бұл да шындыққа еш қиыспайды. 1999 жылғы санақта ана тілін білмейтін қазақтардың саны 50 мыңнан сәл ғана асатын. Енді биылғы санақтың деректері шыққаннан кейін біз нақты цифрларға қол жеткіземіз. Себебі әрбір санақтың деректері арасында қандай да бір байланыс, қисын болады. Ол шыққаннан кейін қазақ қазақша білмейді екен, өз тілін өздері менсінбейді екен, деген алыпқашты әңгіме азаяды. Жалпы осы жолы санақты өткізуге 58 мың есепші, 13 мың тексеруші, 1676 меңгеруші тартылғалы отыр. Олар 40 миллиондай бланкі толтырмақ. Ол сканер арқылы 4 айдың ішінде өңделеді. Сондықтан оның қорытындысы шыққан кезде халықтың нақты әлеуметтік бейнесін, санын, сапасын және оның қандай проблемалары бар екенін толық біле аламыз.- Қазақ халқының демографиялық өсімі қазір қалай жүріп жатыр? Алдағы 2-3 жылға болжам жасай аласыз ба? - Бүгінгі таңда қазақ жұртшылығы соңғы екі жылда жыл сайын 200 мыңға адамға өсіп отыр. Оның 164 мыңы табиғи өсім, 40 мыңы оралмандар. Егер тағы үш жыл осы қарқынмен өссек, бес жылда қазақтың саны бір миллионға, ал 10 жылда екі миллион адамға ұлғаяды. Бір миллион дегеніңіз, Эстониядағы бір миллион эстонның санымен бара-бар. Сондықтан бұл біз үшін жақсы өрлеу. Менің ойымша табиғи өсім алдағы 2-3 жылдың iшінде төмендемейдi. Оралмандар саны да «Нұрлы көш» бағдарламасының қабылдануына орай біршама өседі. Бірақ қазақтың табиғи өсімінің коэфициенті некеге тұрушылардың санының өсуіне тәуелді боп тұр. 3-4 жылдан кейін қайтадан туу төмендеп кетуі мүмкін. Өйткені қазақ отбасында туатын балалардың саны орта есеппен 2,6-дан артық емес. Яғни төртінші, бесінші баланың тууы сиреп барады. Қазақтың қалаға көптеп көше бастауы сапалық көрсеткішін - материалдық жағдайын, бiлiмiн, тұрмыс дәрежесін өсіргенмен, бұл үрдіс тууды төмендетуде. Ендігі үлкен мәселе, ол басқа халықтарды қазаққа сіңіруге қатысты туындап отыр. Мысалы өзбек боп кеткен қазақтар көп. Кеңес дәуірінде оларды өзбек қып жазып жіберген. Қазір олар қазақтығына қайта алмай жүр. Жалпы отаршылдық салдарын жеңу үшін жұмысты осыдан бастау керек еді. Кеңестік кезеңде көптеген немістер мен еврейлер орыс боп жазылып кетті. Сондықтан мына санақтың алдында жұртшылық арасында ең алдымен этнографиялық, ағартушылық жұмыс жүргізу керек. Өйткені санақта сіздің құжатыңыздан қазақтыңызды тексермейді. Қазақ боп сезінсеңіз, қазақ боп жазыласыз. Мәселен біздің бір туысқандарымыз Қытайда тұрған кезде отбасының жартысы ұйғыр, жартысы қазақ боп жазылып кеткен. Ұйғыр боп жазылған соң кейбіреуі енді өзін жартылай ұйғыр деп сезінеді. Ал іс жүзінде аталары найманның қаракерейі. - Бұл пікірлеріңіз мемлекет құраушы ұлт ретінде Үкімет уақыт өткізбей қазақ халқының қоғамдық, саяси статусын айқындау керек деген ойға жетелейтін сияқты? - Егемендік тұсында кезінде өзге ұлт боп жазылып кеткендерге қазақ боп қайтуға жолды ашу керек. Ұлт дегеніміз - ұлттық сана. Бізде қазақша білмей-ақ, қазақ боп сезінбей-ақ құжатында қазақ боп жазылғандар аз ба? Ал қазақша судай боп, құжатында өзбек боп жүрген азаматтар олардан көп болмаса аз емес. Өз елінде өзін осылай өгейсітіп жүрген біз ғана шығармыз. Сондықтан қолданыстағы кейбір заңдарға өзгеріс енгізу керек. Мысалы Израилде мұндай заң бар. Кезінде ұлтаралық қақтығыстар болған жерлерге Израил үкіметі арнайы ұшақ жіберіп, евреймін дегендердің бәрін тиеп, көшіріп алып келді. Көбісінің құжатында басқа ұлт жазылған. Кейбірінің құжаттары да болған жоқ. Бірақ екі куә табылса болды, евреймін дегеннің бәріне фамилиясына қарамай еврей деп жаңа құжат берді. Бізде кеңес дәуірде қалыптасқан бір ескі түсінік бар. Әкесі не шешесінің бірі сол ұлттан болса ғана балалары сол ұлттың өкілі боп жазыла алады деген. Осы көқарасқа өзгеріс қажет. Мысалы орыс халқының 1992 жылдан бері табиғи өсімі жоқ. Бірақ басқа халықтар орыс боп жазылып жатыр. Мәселен бірнеше миллион украин өзін орыс деп сезінеді. Сол сияқты жерлесіміз Жириновский де өзін орыс деп есептейді. Оның әкесі еврей, шешесі орыс. Сондықтан бұл санақ бізді біраз мәселеде ойландыруы керек. Қазақстан жұртшылығының интеграциясын (ықпалдасуын), бірігуін, ассимиляциясын (сіңуін), жақындасуын, консолидациясын (шоғырлануын) ойлау керек. Ассимиляция - прогрессивті үрдіс деп есептеледі дүние жүзінде. Кім өзін қандай ұлттың өкілімін деп сезінсе, солай жазуға мүмкіндік беру керек. Бірақ міндетті түрде сол мемлекеттің тілін білуі шарт. Бұл біз ұмтылып жатқан демократияның бір белгісі саналады. - Әңгімеңізге рахмет.
Соңғы жаңалықтар