Бұл қай ғасырдағы мектеп: БҚО-дағы мектептің жай-күйіне байланысты білім басқармасы жауап берді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Жетібай ауылындағы Жамбыл бастауыш мектебі туралы әлеуметтік желіде бейнежазба тарады. 

Бұл қай ғасырдағы мектеп: БҚО-дағы мектептің жай-күйіне байланысты білім басқармасы жауап берді
Фото: Видеодан алынған скрин

Бейнежазбада аталған білім ошағында бастауыш сынып оқушылары ғана оқитыны айтылады.

— Олар төртінші сыныптан кейін білімін ауылдан 500 шақырым жерде орналасқан аудандық мектеп-интернатта жалғастырады. Жергілікті тұрғындар бұл мектепті жыл сайын өздері сырлап, ақтап, тазалайтынын жазды. Білім ордасының видеосын көрген желі қолданушылары: «Мынау қай ғасырдағы мектеп?», «Әкім мен білім басқармасы қайда екен?», «Қожаның мектебі бұдан жақсы еді ғой» деп пікір қалдырды, — деген сөздер келтірілген.

Осыған байланысты БҚО білім басқармасы түсінік берді.

Білім басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Бөкей ордасы ауданы, Жетібай ауылындағы Жамбыл бастауыш мектебінде 2025-2026 оқу жылында 15 оқушы білім алып жатыр, оның ішінде 1-сыныпқа 4 бала қабылданған. Оқу үдерісін 6 педагог қамтамасыз етеді. Мектеп ғимараты 1984 жылы салынған, аудан орталығынан 85, облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орналасқан.

— Мектеп Starlink жүйесі арқылы интернетке қосылған, екі оқу кабинетінде интерактивті проектор орнатылған. Сондай-ақ мектепте 8 сандық бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Барлық оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Биыл мектепке ағымдағы жөндеу жүргізілді. 2026 жылы мектеп ауласына өрнектас (брусчатка) төсеу, ал 2028 жылы күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған, — деп хабарлады ведомстводан.

@qaz365kz

❗️Бұл мектеп Батыс Қазақстан облысы, Бөкей орда ауданы, Жетібай ауылында орналасқан. Ақпаратқа сәйкес, Жамбыл Жабаев атындағы білім ошағында бастауыш сынып оқушылары ғана оқиды. Олар төртінші сыныптан кейін білімін ауылдан 500 шақырым жерде орналасқан аудандық мектеп-интернатта жалғастырады. Жергілікті тұрғындар бұл мектепті жыл сайын өздері сырлап, ақтап, тазалайтынын жазды. Білім ордасының видеосын көрген желі қолданушылары: «Мынау қай ғасырдағы мектеп?», «Әкім мен білім басқармасы қайда екен?», «Қожаның мектебі бұдан жақсы еді ғой», — деп пікір қалдырды.

♬ original sound — Qaz365.kz | Новости Казахстана

Жетібай ауылының тұрғыны Бисен Ижанов өз пікірін білдірді.

Оның сөзіне қарағанда, Жамбыл бастауыш мектебінің тозығы жетіп тұрғаны рас. 2017 жылы күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып, аяқсыз қалды. Жыл сайын әне жөнделеді, міне жөнделеді деген әңгіме айтылады. Жалпы, мектепте білім сапасы жаман емес. Өзіндік тарихы бар білім ордасынан өңірге белгілі адамдар шыққан. 

— Ауылда халық тұрақты, көшіп кетушілер жоқ. Өткен жылы фельдшерлік-акушерлік пункт берілсе, биыл клуб салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Мектептің бір бөлмесінде тұрған кітапхана клубқа көшіріледі, сонда орын босайды. Егер жергілікті атқарушы органдар тарапынан тұрақты көңіл бөлінсе, мұндай жағдайға жетпес еді. Мектеп ескі болса да, мұғалімдер Білім күнін дұрыстап ұйымдастыруға болатын еді ғой. Жалпы, бұл талап пен бақылаудың ойдағыдай еместігін көрсетеді, — деді Kazinform тілшісіне Бисен Ижанов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ашылуы тиіс келешек мектебі неге мерзімінде берілмей қалғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар