Бұл сапарым хаттамалық кездесу ғана емес — Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Астана халықаралық форумының екінші күніндегі пленарлық сессияға қатысқан Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелони Астанадағы сапарының мәніне тоқталды.

— Мен бүгін Астанада болғаныма және Президент Тоқаев пен Қазақстан Үкіметі өткізген осы аса маңызды іс-шараға қатысқаныма өте қуаныштымын.
Бүгін менің Италия Республикасы Министрлер Кеңесінің төрағасы ретіндегі Қазақстанға алғашқы ресми сапарым басталады. Мен оны хаттамалық сапар ғана деп есептемеймін. Біз осы сапарды Қазақстан үкіметімен арадағы стратегиялық ынтымақтастықты қаржыландыру тұрғысынан, қалыптасып жатқан байланыстарды нығайту тұрғысынан бекіткіміз келеді, — деген Италия Үкіметінің басшысы Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларын бүгін өтетін «Италия-Орталық Азия» саммитінің өтуіне ықпал еткені үшін алғыс білдірді.
Айта кетейік, кеше кешке Италия премьері Қазақстанға ресми сапармен келді.
Сондай-ақ, мәртебелі мейманның қатысуымен «Орталық Азия — Италия» саммиті өтеді.
Еске салсақ, елордада кешеден бері Астана халықаралық форумы өтіп жатыр.
Форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер шақырылған. Екі күн бойы олар түрлі саланың сарапшыларымен бірлесіп, мемлекетаралық ынтымақтастық моделін, жаңа жаһандық әріптестік құрудың келешегін талқылайды.