Бұл - спортшылардың ғана емес, бүкіл қазақ халқының жеңісі - аралас жекпе-жектен әлемнің 3 дүркін чемпионы А. Назаров

Оны аралас жекпе-жектен әлемнің 3 дүркін чемпионы Ардақ Назаров Алматыда Республика күніне орай ұйымдастырылған халықаралық кәсіпқой бокс және аралас жекпе-жек турнирінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бегнар Аманбаев джиу-джитсудан Қазақстанның 2 дүркін чемпионы, ал ережесіз жекпе-жектен Еуразия чемпионы. Сәуірдің 26-сы күні Алматыда өткен турнирде ресейлік Ваха Алиевті жеңіп, аралас жекпе-жектен ТМД чемпионы атағына қол жеткізген 27 жастағы спортшы Қазақтың ұлттық туризм және спорт академиясында оқиды. Бұл жолы рейтингтік жекпе-жекте ол 60 келі салмақта еркін күрестен Ресей чемпионы Мунко Норсоновты 1-ші раундта қол бұрау тәсілімен жеңді. Оның жеңісті жолын одан кейін командалас серіктері одан ары жалғастырды. Ербол Оразғалиев (70 келі) Ресейлік Дмитрий Севаковты мойын бұрау тәсілімен, ал Саяуыш Қасабаев (80 келі) Виталий Кулишовты есеңгірету арқылы 19-шы секундта-ақ тізе бүктірді.
"Бұл - қазақ жігіттерінің аралас жекпе-жектегі жоғары деңгейін көрсететін жақсы көрсеткіш. Ол әр спортшының ғана емес, бүкіл қазақ халқының ортақ жеңісі. Бегнар Аманбаевтың рейтингі қазір әлем чемпиондығы үшін таласуға мүмкіндік береді. Құдай қаласа, енді оны жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз", дейді ережесіз жекпе-жектен әлемнің 3 дүркін чемпионы Ардақ Назаров.