Бұл - жарқын өмірге жасалған жиырма қадам - С.Жұмашев, БҚО

Осы тұжырымдамадағы 20 қадамда тәуелсіз Қазақстанның 20 жылда жүріп өткен жолы, қазіргі жағдайда орын алып отырған кемшіліктері сараланыпты. Бұл туралы еңбек ардагері, Жаңақала ауданының құрметті азаматы Сатыбалды Жұмашев мәлім етті.
Оның пікірінше, осында көтерілген 20 қадамды іске асыру - қоғамдағы ең маңызды мәселелер екені даусыз. Әсіресе, төмендегі мәселелер өте орынды.
«Тұрғын үй, пәтер - әрбір қазақстандық үшін бірінші дәрежелі мәселе. Мұның өзі жеке бастың өмірі мен отбасындағы жақсы ауанның сенімді негізі, бұларсыз әл-ауқат пен өнімді еңбекке атымен қол жетпейді» деді Президентіміз Н.Ә.Назарбаев тапсырмасында.
«Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы еңкейген кәріден, есін білетін балаға дейінгі барлық қазақстандықтардың көкейіне қонымды, халқымыздың қамы үшін, олардың өмірлерінің жарқын болашағы іспеттес тұжырымдама болды.
Республика халқының үштен бір бөлігін жастар құрайды. Жастар - біздің болашағымыз. Олар оқуларын бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуы керек. Сол кезде оларға бірінші кезекте баспана қажет. Сондықтан бұл «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасын студенттерден басқа ауыл тұрғындары да өте қуанышты жағдайда қабыл алуда.
Сонымен қатар осы құжатта жастарға білім беру жүйесіндегі нақты қадамдар мен білім беру қызметкерлері арасындағы елеулі алшақтықтарға жол берілгендігі орынды айтылған. «Қазақстанда 146 жоғары оқу орны бар. Олардың талайы маман тәрбиелеп шығарудың қажетті сапасын қамтамасыз ете алмайды» деген Президентіміз. Бұл келеңсіз жағдайды жергілікті жердегі халық та біліп, қынжылыс білдіріп отырғаны анық. Өйткені мемлекеттік жоғары оқу орындары мен жеке оқу орнын салыстыруға, теңестіруге де болмайтындығы - өмір шындығы. Сондықтан жаңбырдан кейін қаулап шығатын саңырауқұлақ сияқты жеке оқу орындарымен қош айтысқан жөн.
Қазіргі өмір талабы тек қана сапалы білім бере алатын мемлекеттік жоғары оқу орындарына ғана жол ашу емес пе? Сонда ғана (әрбір сала бойынша) маман кадрлардың қажеттілік индикативтік жоспарын жасауға мүмкіндік болады.
Өткен кезеңдерде оқу орындарында заңгерлерді, экономистерді көптеп даярлау дәстүрге айналды. Оның түпкілікті нәтижесі көңіл қанағаттандырмайды, маман кадрлар жұмыс таба алмай қалды. Демек, оқу орындарын екшеу де - орынды көтерілген өмір талабы.
Әрбір қазақстандық үшін басты құндылық - өзінің денсаулығы. Бұл Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бақылауында, осының арқасында 700-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысандары тұрғызылған. Яғни «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Әркім өзінің денсаулығы үшін өмір сүру салты туралы ойлануы керек екені әдейі айтылған.
Бірақ күнделікті өмірімізде, ауылдық жерлерде әлі күнге дейін жойылмай келе жатқан арақ ішу, шылым шегу, психотроптық нәрселерді пайдалану сияқты денсаулыққа зиянды әдеттен арыла алмай келеміз. Мұның соңы ауыр қылмысқа да апаруда.
Сондықтан әрбір азамат еріккеннен теріс жолға түспей, өзіне пайдалы еңбекпен айналысса қандай ғанибет.
Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Жастар саясаты» туралы маңызды мәселеге көңіл бөліп, оны халық талқысына беріп отыр. «Жас қазақстандықтарды дербес өмірге, бастамашыл еңбекке бейімдеудің тиімді жүйесін құру» - жас мамандарды еңбекке орналастырудың кепілдіктері жөнінде нақтылап айтуда. «Ауылда жастарға жұмыс жоқ» деу мүлдем қате түсінік. Керісінше жұмыс істеуге ынтасы, жігері бар жастарға жұмыс көп. Мысалы, Батыс Қазақстан, соның ішінде Жаңақала ауданы негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Соған сай ауданда игерілмей жатқан кең алқап, жайлау, мал өсіруге өте ыңғайлы өңірлер баршылық. Демек, шаруа қожалықтарын (фермер) құрып, несие алып, «Дипломмен - ауылға» ұранымен баспана, көтермеақыға ие болып, отбасын құрып, мал шаруашылығына араласуға толық мүмкіндік бар.
«Осыған сай Елбасымыздың «Біздің жастар елеспен өмір сүрмеуге тиіс. Қазақстаннан тыс жерде жұмақ жоқ» деуі өте орынды. Жастарымыз ауылды көтеруі керек, ауыл - мемлекет тірегі. Ауыл көтерілсе, мемлекетіміз, Отанымыз нығаяды. Отаншылдық осылай қалыптасуы керек. Мен Елбасымыздың салиқалы, көрегенді бағдарламалар топтамасын түгелімен құптаймын», деп түйіндеді ойын С.Жұмашев.