Бұланды ауданында «Жол картасы» бойынша 73 миллион теңге қаржы игерілді
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан әкімі Ермек Нұғымановтың айтуынша, қазірдің өзінде Макин қаласындағы 3-ші, 4-ші орта мектептердің, Елтай, Капитоновка, Журавлев орта мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бу қазандықтары қалпына келтірілген. Аудан орталығында «ЦентрСпецстройАстана» жауапкершілігі шектеулі серіктестік балабақша құрылысын бастаса, «Қайырғожа мен К» серіктестігі 2-ші бу қазандығын қысқа әзірлеуді ойдағыдай атқарып шықты. «ТиМар» жауапкершілігі шектеулі серіктестік тендерде жеңіске жетіп, Тоқтамыс мәдениет үйіне күрделі жөндеу шараларын еңсеріп тастаған. Сол ауқымды шаралар негізінде қосымша 187 жұмыс орны ашылып, оларға жұмыссыздар ретінде тіркелгендер қамтылды. Оның сыртында бағдарламаға сәйкес 38 адам жастар тәжірибесімен, 151-і әлеуметтік қоғамдық жұмыспен қамтылып, 145 адам кәсіби біліктілігін жетілдіріп, қосымша мамандық алуға жолданды.