10:00, 10 Қаңтар 2010 | GMT +5
Бұланды ауданының экономикасына 1361 млн. теңге қаржы құйылды - Ақмола облысы
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 10-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Бұланды ауданының экономикасына өткен жылдың қаңтара-қараша айында 1361 миллион теңге қаржы құйылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аудан әкімі Ермек Нұғымановтың айтуынша, жыл ішінде 3070 шаршы метр баспана тұрғызылып, Макин қаласында - бизнес орталық, аудандық электр желілерінің әкімшілік-тұрмыстық нысаны, Никольск ауылында - шаштараз, төрт сауда орны пайдалануға берілген. Ал Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында қаңырап қалған жатақхана қалпына келтіріліп, 17 бюджеттік мекеме қызметкерлерінің отбасылары қоныс тойларын атап өткен. Осындағы инженерлік құрылымды ретке келтіруге республикалық бюджеттен 22 миллион теңге, күрделі жөндеу шараларына облыстық бюджеттен 43 миллион теңге жаратылды. Қазіргі кезде аудан орталығында 320 орындық балабақшаның құрылысы қарқын алуда. Жаңа ғимарат ағымдағы жылы балғындар игілігіне беріледі.