Бұланты шайқасының 300 жылдығы республикалық деңгейде атап өтілмек

АСТАНА. KAZINFORM – Бұланты шайқасының 300 жылдығы 2026-2028 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндер тізбесіне енгізілді. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы Қанат Ысқақовтың жауабында айтылған.

Бұланты шайқасы
Фото: E-history.kz

- Бұланты шайқасы – Қазақ хандығының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресіндегі алғашқы ірі жеңіс және кейінгі Аңырақай шайқасындағы жеңіске жол ашқан маңызды тарихи оқиға. Шайқас нәтижесінде қазақ жерінің бір бөлігі азат етіліп, елдің бірлігі мен мызғымас тұтастығы, күш-қайраты одан әрмен шыңдала түсті. Зерттеу нәтижесінде, сондай-ақ Бұланты шайқасы бойынша бүгінгі күнге дейін ауыздан-ауызға жеткен фольклорлық, археологиялық және топонимикалық деректерге сүйене отырып, Ұлытау өңіріндегі Бұланты және Білеуті өзендерінің аралығы шайқас орны ретінде айқындалды, - деді ол.

Вице-министр Бұланты шайқасына қатысты деректердің әлі де сирек екенін ескере отырып, оның тарихтағы орнын айқындау мақсатында қосымша зерттеулер жүргізу, архивтік деректерді іздестіру және шайқас орнын нақтылаудың маңызы ерекше екендігін атап өтеді.

- Осы орайда, Ұлытау облысы әкімдігінің ұсынысына сәйкес, Мәдениет және ақпарат министрімен 2025 жылғы 1 тамызда бекіткен 2026-2028 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндер тізбесіне 2027 жылы Бұланты шайқасының 300 жылдығы енгізілгенін хабарлаймыз. Ұлытау облысының әкімдігі аталған мерейтойды атап өту аясында тарихи танымдық экспедициялар, ғылыми конференциялар өткізу сияқты іс-шараларды ұйымдастыру және Бұланты кешенін абаттандыру мәселелерін қарастыруда. Жалпы, мерейтой аясында өткізу көзделіп отырған ғылыми конференцияны Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалымдарының әлеуетін пайдалана отырып өткізу тиімді, - деді Қанат Ысқақов.

Оның айтуынша, республикалық музейлер мен музей-қорықтардың әлеуетін пайдалана отырып, тиісті шараларды ұйымдастыру мәселесі де назардан тыс қалмайды.

- Бұланты шайқасы – Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы күресінің және ұлттық бірлігінің символы, патриоттық тәрбие мен тарихи сананы қалыптастырудағы маңызды мұра. Баяндалғандардың негізінде, 2027 жылы Бұланты шайқасының 300 жылдығын атап өтуге арналған жұмыс жоспарын әзірлеу мәселесі мүдделі мемлекеттік органдар белгіленген тәртіпке сәйкес пысықтап, бөлінген қаражат шеңберінде жүзеге асырылатынын жеткіземіз, - деді вице-министр.

Айта кетейік, Қазақстан тарихының жеті томдығы негізінде мектепке арналған оқу бағдарламасы жасалады.

Соңғы жаңалықтар