Бурабай көлдері бейнебақылау камераларының көмегімен бақыланады
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің су айдындарын бақылау үшін ақылды бейнекамералар орнатылып жатыр.

«Бурабай» МҰТП баспасөз қызметінің мәліметінше, су айдындарын қорғап, ихтиофаунаны сақтау үшін ұлттық парк дирекциясы қосымша шаралар қабылдап жатыр. Smart National Park Burabay ақылды технологияларын дамыту аясында ұлттық парк көлдерінің жағасында бейнебақылау жүйелері орнатыла бастады.
Бейнебақылау камерасын орнатуды балықшылар жиі баратын Жөкей көлінен бастау туралы шешім қабылданды. Өйткені, мұнда заңсыз балық аулау деректері жиі тіркеледі.
Биыл Ұлттық парк аумағындағы көлдерде балық ресурстарына заңсыз қол сұғу деректінің жетеуінің төртеуі дәл осы көлде болды. Құрыққа ілінен құқық бұзушылар қылмыстық жауапқа тартылды, браконьерлердің іс-әрекетінен келген жалпы шығын 2,5 миллион теңгені құрады.
СМАРТ-жүйе су айдынындағы жағдайды оңтайлы бақылауға және заңсыз әрекеттердің жолын кесуге мүмкіндік береді. Оптикалық камералар нақты уақыт режимінде көл акваториясы мен жағалау аймағын үздіксіз бақылайды.
«Көлдерде заманауи бейнебақылау технологияларын енгізу ихтиофаунаны сақтауды қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар жартастарды бүлдіретіндерге, қоқыс тастайтындарға да тосқауыл болады. Келесі жылы Шортан көліне орнатамыз. Бірте-бірте Smart National Park Burabay ақылды технологиялары саябақтағы алты ірі көлдің барлығын бақылауға алады», - деді «Бурабай» МҰТП директоры Сергей Быков.
Камералар орналасқан мұнаралар жел генераторын, күн панелін және дизель генераторын қоса алғанда, дербес қуат көздерімен жабдықталады, сол арқылы үздіксіз жұмыс істейді.
Жөкей көліндегі бейнебақылау жүйесі күздің соңына дейін орнатылады.
Айта кетсек, бұдан бұрын «Бурабай» ұлттық паркі аумағындағы көлдердің жағалауы тазартылғанын жазған едік.