Бурабай көлдері экожүйесінің тұрақтылығын зерттеу жұмыстары басталды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Солтүстік филиалының ғалымдары «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Бурабай, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Текекөл, Шортан, Қатаркөл және Жөкей көлдері экожүйесінің тұрақтылығын зерттеу жұмысын бастады. 

Бурабай көлдері экожүйесінің тұрақтылығын зерттеу жұмыстары басталды
Фото: «Бурабай» МҰТП

«Бурабай» МҰТП баспасөз қызметінің мәліметінше, ғалымдар көлдердің ихтиофаунасындағы балықтар мен басқа да жәндіктер құрамына, балық және басқа да биологиялық ресурстарының таралуына, балық популяцияларының жағдайына баға беруі керек. Сондай-ақ су объектілерінің морфометриялық сипаттары мен гидрологиялық режимі, судың гидрохимиялық құрамы, азық базасының күйі талданады.

Бурабай көлдері экожүйесінің тұрақтылығын зерттеу жұмыстары басталды
Фото: «Бурабай» МҰТП

Жиналған деректер бойынша көл ресурстарын ұтымды пайдалану туралы ұсынымдар, айдындарды қорғау жөніндегі іс-шаралар әзірленеді. Спорттық балық аулау кезінде аулауға рұқсат берілген балық көлемі де нақтыланады.

Бурабай көлдері экожүйесінің тұрақтылығын зерттеу жұмыстары басталды
Фото: «Бурабай» МҰТП

«Біз қазір балықтардың көбею барысын, түрлік құрамын, саны мен сипаттамаларын, өлшемдік құрылымын, жасын және жыныстық құрамын зерттеу үшін ихтиологиялық материал жинап жатырмыз. Зерттеу нәтижесі су айдындарын ұтымды пайдалану және олардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі ұсынымдарға негіз болады», - деді Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Солтүстік филиалы тірек пунктінің меңгерушісі Владимир Крайнюк.

Бурабай көлдері экожүйесінің тұрақтылығын зерттеу жұмыстары басталды
Фото: «Бурабай» МҰТП

Ұлттық парк мамандарының айтуынша, зерттеу жұмыстары көлдердің экожүйесіндегі экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге және сақтауға көмектеседі.

«Биылғы жылдың соңына дейін біз Үлкен Шабақты көлінің тұқы тұқымдас балықтарын аулаймыз. Бұл шара экожүйедегі экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіруге және сақтауға септігін тигізеді. Балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары барлық көлдерге қатысты зерттеулердің аяқтауын, жұмыстың нәтижесін күтіп отыр», - деді «Бурабай» МҰТП инженер-ихтиологы Нұрман Айтқожин.

Айта кетсек, бұдан бұрын Бурабай көлдері бейнебақылау камераларының көмегімен бақыланатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар