Бурабай курорты туристерді несімен тартады
АСТАНА. KAZINFORM – Бурабай дегенде ойға саф таза ауа, қылқан жапырақты орман мен көгілдір көлдер оралады. Қазақстанның інжу-маржаны саналатын курорт тағы несімен тартымды?
- 2024 жылдың қорытындысын шығара отырып, Бурабай курортында инфрақұрылымды дамыту мен сервисті жақсартуға бағытталған маңызды жобалардың сәтті іске асырылғанын атап өтуге болады. Бұл жетістіктер оның заманауи туристік орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға мүмкіндік берді, - дейді «Бурабай Даму» ЖШС өкілдері.
Серіктестік мәліметтеріне сәйкес, өткен жылы бірқатар іс-шара атқарылған.
«PIKEMAN 2024» жарысы
20 шілдеде 3 шақырымдық суда жүзу жарысына 300-ден астам әуесқой қатысты. Бұл шара спортшылар мен көрермендердің назарын аударып, судағы белсенді демалысты танымал етті.
Мультимедиалық интерактивті кешен жаңартылды
24 шілдеде виртуалды және толықтырылған шынайылық технологияларын пайдаланатын кешеннің ашылуы өтті. Алты айдың ішінде кешенді 7 466-дан астам адам, оның ішінде әлеуметтік осал топтағы 2 мың қонақ тамашалады.
«AQBURA BAY TRAIL-4» жүгіру сайысы
3 тамызда 11 елден келген 1 200 жүгірушінің қатысуымен халықаралық жүгіру сайысы өтті. Қатысушылар «Бурабай» ұлттық паркінің көрікті жерлерін қамтитын маршрутты бағындырды.
Қырғыз елінен журналистер келді
12-13 қазанда Қырғызстаннан келген 40 журналиске арналған таныстыру туры ұйымдастырылды. Тур барысында «Абылай хан алаңы», «Көк шығанақ» және марал шаруашылығы сынды аймақтың негізгі нысандары көрсетілді.
Щучинск қаласындағы мұз қалашығы
Қысқы маусымға орай мұз қалашығы дайындалып, мұнда коньки және тюбинг жалға беру қызметтері, сондай-ақ демалушыларға арналған фастфуд аймақтары ұсынылды.
Қысқы маусымның ашылуы және BurabayLand
14 желтоқсанда қысқы маусым салтанатты түрде ашылып, жаңа BurabayLand ойын-сауық нысаны таныстырылды. 700-ден астам қонақ мерекелік бағдарлама мен от-шашу шоуына тамашалап, жаңажылдық би кешіне қатысты.
Аймақ туризміне әсері
- Барлық іс-шара «Бурабай Даму» ЖШС-нің қолдауымен жүзеге асырылды. Бұл бастамалар Бурабай курортының заманауи туристік бағыт ретіндегі мәртебесін нығайтты, - дейді серіктестік мамандары.
Айта кетсек, былтыр өткізілген іс-шаралардың медиалық қамтылуы 5 миллионнан астам адамды қамтыды. Инфрақұрылымды дамыту туристердің барлық санаты – отбасылар, жастар және шетелдіктер үшін демалысты жайлы етуге бағытталған.
Оқи отырыңыз, Бурабайда қандай туристік орындарға баруға болады.