Бурабай орманында найзағайдан өрт шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Бурабай ұлттық паркінде найзағай түсуінен болған орман өрті «Smart» ерте анықтау жүйесінің көмегімен дер кезінде анықталып, жедел түрде сөндірілді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 17 маусым күні сағат 10:43-те «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Бурабай орманшылығы аумағындағы 96-орамның 47-телімінде ағашқа найзағай түсуінен өрт шыққан.
«Smart» орман өрттерін ерте анықтау жүйесі өрт ошағын бірден тіркеп, мамандардың жедел әрекет етуіне мүмкіндік берді. Соның арқасында жалынның үлкен аумаққа таралуына жол берілмеді.
«Өрт орманмен көмкерілген аумақтың небәрі 0,001 гектарын қамтыды. Өртті сөндіруге “Бурабай” ұлттық табиғи паркінің және “ҚазАвиаОрманҚорғау” кәсіпорнының күштері жұмылдырылды. Жалпы саны 20 маман мен 5 техника бірлігі тартылды. Оның ішінде өрт сөндіру көліктері, шағын орман-патрульдік кешен және жағдайды әуеден бақылауға арналған тікұшақ болды», – деп хабарлады министрлік.
Өрт сағат 11:15-те сөндіріле басталып, 11:39-да толық оқшауланған.
Мамандардың айтуынша, өрт ошағы көл деңгейінен шамамен 300 метр биіктіктегі жартасты әрі жетуі қиын аумақта орналасқан. Соған қарамастан қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында өрттің таралуына жол берілмеді.
Қазір оқиға орнында өрт салдарын толық жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ұлттық паркке келтірілген залал көлемі алдағы 15 күн ішінде анықталады.
Айта кетейік, биыл мемлекеттік орман қорында 0,41 гектар аумақты қамтыған 3 өрт тіркелді.