«Бурабай» ұлттық паркінде жануарларға қажетті қысқа жем-шөп қоры жасалып жатыр
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі (МҰТП) мемлекеттік инспекторлары жабайы жан-жануарларға арналған науаларды жөндеп, шөп шауып, ағаш бұталарынан бума дайындап жатыр.


«Бурабай» МҰТП баспасөз қызметінің мәліметінше, шөп ұлттық парктің арнайы бөлінген учаскелерінде шабылып, ашық алаңдарда кептіріліп жатыр. Шабындық қазан айына дейін жалғасып, 450 тоннадан астам шөп жинау жоспарланған.
Қазіргі таңда 147 мың дана бума әзірленіп, жоспар 70 пайыздан артық орындалды. Қайың және басқа да ағаштардың жапырақтары жануарлардың ас қорыту жүйесіне пайдалы екенін айта кеткен жөн. Оны кептіріп, құрғақ жерде сақтау керек, әйтпесе, көгеріп кеткен жапырақты аңдар жемейтін көрінеді.

«Қыс айларында жерді қалың қар мен қатқыл мұз басқан кезде жануарлардың тебіндеуі, өз бетінше азық тауып жеуі қиындайды. Науаға салынған шөп пен минерал тұз бұғы-маралдарға, еліктер мен бұландарға және қабандарға қыстан аман шығуға көмектеседі. Сол үшін алдағы қатал қысқа біз қазірден бастап жан-жақты дайындық жүргізіп жатырмыз», - деді бас орманшы, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директорының орынбасары Бауыржан Махметов.
Басқа мамандық иелері жаз уақыты үшін демалыс кезеңі болса, ұлттық парк инспекторлары үшін жұмыстың ең қызатын шағы. Жем-шөп даярлаудан бөлек, өсімдік зиянкестерін анықтау, ауырған ағаштарды уақтылы емдеу, орман питомнигіндегі көшеттерге күтім жасау, өрт сияқты табиғи апаттардың бетін қайтару сияқты шаруа шаш етектен.

Жыл сайын ұлттық паркке келушілер қатары көбейіп келеді. Сондықтан аумақты қоқыстан санитарлық тазартуға, халық арасында профилактикалық жұмыс жүргізуге де көп уақыт пен күш-жігер керек.
Айта кетсек, бұдан бұрын Бурабайда сирек кездесетін өсімдік гүлдегенін жазған едік.