Бурабайда А.Винокуровтың велосипедiн Эдуард Ким 20 млн теңгеге сатып алды (ФОТО)

Лоттың бастапқы құны 2 млн теңге болған едi.
Бұл велосипед Александр Винокуровтың Лондондағы жеңiсiнен кейiн спортшы атындағы қордың бастамасымен әлем бойынша 10 дана ғана жасалған велосипедтiң екiншiсi. Александр Винокуров осы велосипедтi бiраз жарыстарға мiнiп, бүгiн қайырымдылық ретiнде саудаға шығарды. Ал, "Вино" маркалы шыққан ең бiрiншi велосипед әлi де чемпионның өзiне тиесiлi.
Чемпионның бәссаудағы салынған велосипедiн Қазақстандағы ең бай кәсiпкерлердiң бiрi, "Технодом" сауда желiлерiнiң иесi Эдуард Ким сатып алды. Естерiңiзге сала кетейiк, былтыр осындай қайырымдылық аукционында "Тур де Франс" жарысының жеңiмпазы Винченцо Нибалидiң велосипедiн қазақстандық кәсiпкер Нұрлан Смағұлов 51 млн теңгеге сатып алған едi.
Ал, бүгiнгi қайырымдылық аукционы барысында Қазақстанның кәсiпқой теннисшiсi Зарина Диастың ракеткасы 2 млн 5 мың теңгеге, "Астана" командасының жейдесi 1 млн теңгеге сатылды. Ең қызығы, бүгiнгi аукционда сатылған ең қымбат бұйым - атақты адамдарға тиесi заттар емес, кiшкентай балалардың қолынан шыққан картиналар болды. Шучье балалар үйiнiң тәрбиеленушiлерi осы қайырымдылық аукционына бiр лот ретiнде өз қолдарымен 4 картина жасап әкелген екен. Оны "Асыл мирас" қоғамдық қорының негiзiн қалаушы, қазақстандық кәсiпкер, Қазақстан Теннис федерациясының президентi Болат Өтемұратов 30 млн теңгеге сатып алды.
Сондай-ақ, биылғы қайырымдылық шарасында жеке адамнан қабылданған салым рекорд орнатты - Серiкжан Сейiтжанов есiмдi азамат балаларға қайырымдылық ретiнде 5 млн теңге бөлген. Корпоративтiк салымдар 6 млн 300 теңгенi, келген қонақтардан жиналған салым 330 мың теңгенi құрады. Ал, аукционнан бас-аяғы 94 млн 100 мың теңге түстi. Осы сомалардың барлығын қосқанда 105 млн 730 мың теңге жиналып, ендi бұл қаржы Көкшетаудағы мүмкiндiгi шектеулi балаларға арналған интернат пен Шучье қаласындағы "Балалар үйiне" аударылмақ. Көкшетау қаласындағы мүмкiндiгi шектеулi балаларға арналған интернатта көбiне сал ауруына шалдыққан балалар тұрады. Ал, Шучье балалар үйiнде 4 жасқа дейiнгi бүлдіршіндер тәрбиеленедi, олардың көбi - тiрi жетiмдер. Осы қаржыға ендi ойын алаңы салынып, сал ауруына шалдыққан балалар үшiн "Гравистат" және "Гросс" жаттығу құралы, сондай-ақ 36 балаға арнап протездi-ортопелиялық құрал және тағы да басқа қажеттi жабдықтар сатып алынады.
"Велосипедiм қанша теңгеге сатылса да, мен үшiн маңыздысы - бұл қаржы балаларға қайырымдылық ретiнде жұмсалса болды, балалар емделiп, жетiм балаларға базарлық алынады. Сондықтан, тiптi 10 млн теңгеге сатылса да риза болар едiм",-дейдi А.Винокуровтың өзi.
Естерiңiзге сала кетейiк, бүгiн Бурабайда дәстүрге айналған "Rixos Бурабай-2015" қайырымдылық веложарысы өттi.